Қытайдағы коронавирус адамға қалай жұғады және вирустан қорғану жолдары қандай?  - на health.bugin.kz
Бота Куанышбекова - на health.bugin.kz Бота Куанышбекова

Вирус жұқтырғандардың саны 800-ден асып, 26 адам көз жұмды

Соңғы деректер бойынша вирус жұқтырғандардың саны 800-ден асып, 26 адамның көз жұмғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта Қытайдағы коронавирус АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Гонконг, Аустралия елдеріне жетті.

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин вирустың көзі жануарлар - жарғанаттар, сүтқоректілер, оның ішінде қояндар, құстар, сондай-ақ, Ухань базарындағы аю табаны, аю және борсық майы екенін айтады.

- Вирус тарауының ауа тамшылығымен қатар, алиментарлы жолы болуы мүмкін. Бір апта бұрын біз вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін растамадық, бірақ соңғы мәлімдемеге байланысты адамнан адамға жұғатыны анықталды. Бірақ, жұғу деңгейі өте төмен және адам қабылдайтын вирустың концентрациясына байланысты, - деді Жандарбек Бекшин.

Қазақстандық вирусолог Гүлмира Сәбитовадан бұл коронавирустың жаңа түрінің қаншалық қауіпті екенін және одан қалай сақтану керегін айтты.

Дәрігер вирустың алғаш рет 2012 жылы Сауд Арабиясында тарағанын айтады. Сол кезде бұл вирустан бір адам қаза тапқан дейді.

- Соңғы жылдары бұл вирус аса көп таралып жатқан жоқ. Әдетте вирустың белгілері тұмауға ұқсайды. Жөтеліп, тұмауратады, кеуде қуысы ауырып, дене қызуы көтеріледі. Басты айырмашылығы - ауру ұзаққа созылып, өкпе қабынуы мүмкін. Яғни тыныс алу мүшелері зақымдана бастайды. Көбіне вирусты бүйрек жетіспеушілігі, диабет, өкпенің созылмалы ауруларына шалдыққан және иммунитеті төмен адамдар тез жұқтырады, - дейді инфекционист.

Аурудың алдын алу үшін мынадай шараларды қабылдаған жөн:

· Үйді үнемі желдетіп отыру және таза ұстау; 

· Таза ауада серуендеп, қалыпты дене қозғалысын сақтау;

· Массаж, дене шынықтыру, су процедуралары сияқты жалпы иммунитетті нығайтатын шараларға көңіл бөлу;

· Салауатты өмір салтын ұстану;

· Бойды үнемі жылы ұстау;

· Тыныс алу органдарының созылмалы ауруларынан уақтылы емделу.

Айта кетейік, бастапқыда кейбір дереккөздер мұны пневмония деп айтса, жергілікті дәрігерлер оны жоққа шығарған болатын. Дегенмен Қытай мұның жалпыұлттық эпидемия болып кетуінен қауіптенеді. Дәл қазір Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары елдегі жағдайды бақылап отыр.


0 Пікір Кіру