Қытай жұмысшылары таратқан індет: 100 млн өлік, қаңыраған қалалар - на health.bugin.kz
Асхат Қасенғали - на health.bugin.kz Асхат Қасенғали

Тарих қайталануда ма?

Тура 103 жыл бұрын, 11 наурыз күні АҚШ-та «испан тұмауы» ресми түрде анықталды. Аталмыш індет адамзат тарихындағы ең сұмдық нәубет аталып, бір жылдың ішінде 100 миллионннан астам адамның өмірін жалмады. 

Мұндай індеттің ендігі таңда қайталануы екіталай дейді медицина ғалымдары. Өйткені бір ғасыр бұрын адамзат айтарлықтай індетпен күресудің сан тәсілін меңгермеген еді.

Кей зерттеушілер «испан тұмауы» ерте заманда да болған дейді. Оны медицина атасы Гиппократ өз жазбаларында жазып кеткен көрінеді. Алайда оның шын мәнінде қай ауру түрін меңзегені белгісіз. Тұмау түрлері IX-XII ғасырларда пайда болып, әр кезең сайын дамып отырды. Тұмауды ерте заманда қауіпті күштер мен тылсым жан иелері, жәндіктер таратады деп санаған. Бүгінде оның жай үрей екенін және аталмыш ауру түрінің өзіндік ерекшелігі барын біз жақсы білеміз. Азия аймағында біз бұл індетті «тұмау» деп атасақ, Еуропада "инфлюэнц" деп атайды. ХІХ ғасырға дейін адамзат тұмау түрлерімен қалай күресу керектігін нақты білмеді. Діни жоралғылар мен «денсаулық биін» билеп, өзге аймаққа қоныс аударып індеттен сақтанбақ болды. Дей-тұра оның жақсы нәтиже бергені шамалы. Жаңа географиялық ашулар орын алғанна кейін түрлі ауру түрлері де мұхит асып, алты құрлыққа бірдей тарады. Арасында тұмау індеті де бар еді.

Картинки по запросу

«Испан тұмауы» шын мәнінде Испанияда пайда болды деу жаңсақ пікір. Бірінші дүниежүзілік соғыстан айтарлықтай зардап шекпеген Испанияның алқапты аймақтарында белгісіз індет тарап, Альфонс XIII патшаның сарайындағы жақтастарының барлығы да сол ауру түрін жұқтырды. Испандықтар жаппай жаңа ауру түрімен ауырды. Аталмыш жағдай БАҚ беттеріне тез арада шығып, әлемді шарлап кетті. Дегенмен соғыс алаңында «испан тұмауы» бірнеше ай бұрын жайылып кетуі бек мүмкін. Ал соғыстан хабар алу және ондағы ауру түрлерінің көптігі соншалық - жаңа індетті ресми түрде анықтау қиынға түскендіктен, ол БАҚ беттеріне шыға қоймаған. Сондықтан Испаниядан келген газет пен журналдарды оқыған өзге Еуропа халықтары індет Испанияда пайда болды деген пікірді ұстанды.

Картинки по запросу

Ең бірінші «испан тұмауы» ресми түрде 11 наурызда, 1918 жылы Канзас қаласының тұрғыны қатардағы жауынгер Альберт Гитчеллден анықталды. Альберт медицина қызметкерлеріне қатты суық тигізіп алғанын, жөтел мен тітіркену барын айтып, денсаулығына шағым жасаған. Дәрігерлер жауынгерге жай ғана суық тиген деп топшылаған. Алайда бірнеше сағат өткеннен кейін ауруханада дәл осындай белгілермен жүзден астам адам келіп түскен. Бұл жаңа індеттің басталғаны еді. «Испан тұмауы» ресми түрде миллиондардың жанын алу үшін жолға шыққан сәт болатын.

1917 жылы «испан тұмауына» ұқсас ауру «Ұлы Қытай Қорғаны» маңында басталып, оңтүстік Азия елдерін шарпыды. Кейіннен ол өзге де аймақтарға тарады. Ғалымдар аталмыш аурудың испан тұмауының нақ өзі болуы мүмкін дегенге тоқталады. Тек оны медицинасы дамымаған, отарлық езгіде жатқан азия халықтары нақты білмеген. Бұл кезеңде АҚШ-та жергілікті үндістер жаулап алушы ағылшындарға қызмет етуден бас тартқандықтан, жұмыс күші Азиядан ағылды. Миграция жаңа ауру түрлерін де ала келді. Соның ішінде «испан тұмауы» да бар еді.

Картинки по запросу

1918 жылы Ұлыбритания Антанта одағына тыл еңбектерін атқару мақсатында Қытайдан 30000 жұмысшы жалдады. Олардың арасында «испан тұмауын» ала келгендері көп болды. «Испан тұмауы» Еуропаны жаппай қамтып, 1918 жылдың мамырында Испания халқының 40% ауыр халде жатты. Ендігі таңда індетті жасыру мүмкін болмай, эпидемия жайлы күллі әлем дабыл қақты.

Бүгінде «испан тұмауымен» 522 миллион адам ауырғаны белгілі. 1918-1919 жылдары бұл індетті әлем халқының 1/3 жұқтырған болатын. Ғалымдар эпидемия кемі 73 миллион адамның өмірін қиды десе, 2002 жылы тарихшы Ниалл Джонсон мен Юрген Мюллер кемі 103 миллион адам қайтыс болған деген санақты шығарды. Яғни, сол кезеңдегі жер халқының 6%. Індет медицинасының даму деңгейіне байланысты кей мемлекеттерде өте тез, кей елдерде баяу жүрді. Мысалы испан тұмауы Самоа халқының 23%, Замбия халқының 21%, Зимбабве халқының 10%, Үндістан халқының 7% опат қылды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 1,4%-дан 3,7% аралығында болды. Ауылдар қаңырап, қалалар бос қалды.

Індеттен Бразилияның орманды алқаптары мен Тынық мұхитындағы кей аралдар ғана зардап шекпеді. Тіпті Орталық Азия елдерінде де аталмыш індет орын алып, мыңдаған жан қаза тапты. Өкінішке орай бұл жайында тарихи фактілер мен зерттеулер жоқтың қасы. Ең аз зардап шеккен Аустралия елі. Оның өзінде кенгуру еліне індетті соғыстан қайтқан сарбаздар әкеліп, 14 мың жанның ажалына себепкер болды.

Әрине, бұл індет технологияның дамуының нәтижесінде тым тез тарады. Адамдар түрлі қоғамдық көліктер арқылы, поезд, дирижабл, кемелер эпидемияны бір жерден екінші жерге таратты. Сондықтан кей елдерде қоғамдық орындар бірнеше жылға жабылды. Дүкендерге кіруге тыйым салынып, сауда терезе арқылы жасалды. Кей қалаларда әскери режим орнап, түрлі тыйымдар көбейді. Мысалы АҚШ-та қолмен амандасуға қатаң тыйым салынды. Барселонада күніне 1200 адам індеттен қаза тапса, Аустралияда The Washington Times тілшісі бір көшеде 32 жерлеу рәсімінің куәгері болғанын жазды. Індет бастапқы 25 аптада 25 миллион адамның өмірін қиды.  Мысалы «испан тұмауынан» Қытайда 9,5 млн, Үндістанда 18 млн, Индонезияда 1,5 млн, Жапонияда 390 мың, Мексикада 1 млн, Францияда 420 мың, Ресейде 380 мың, Италияда 650 мың, Испанияда 320 мың, АҚШ-та 675 мың адам қаза тапты.

Бүгінде «испан тұмауы» Еуропа немесе АҚШ-та емес, Қытайда пайда болды деген тұжырым бар. Яғни әлемге жаппай жұмыс іздеп шыққан Қытай жұмысшылары аталмыш індетті таратқан көрінеді. 


0 Пікір Кіру