Коронавирус індетінен жоғары санатты дәрігер көз жұмды - на health.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на health.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Қытайдан тараған дерт бірнеше материкке жетіп үлгерді»

Бүгін бұқаралық көлемде карантин жарияланған Ухань (Хубэй провинциясы, ҚХР) қаласындағы қытай және еуропалық медицина ауруханасының оториноларингология бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Лян Вудонг 2019-nCoV коронавирустың кесірінен көз жұмды.

Қытайлық The Paper басылымы таратқан хабарға қарағанда, 62 жастағы марқұм дәрігерден коронавирустың пневмониялық жаңа түрінің белгілері алғаш 16 қаңтар анықталып, шұғыл ауруханаға жатқызылған. Дегенмен қолдан келгенін тырысып баққан әріптестерінің ем-шарасына қарамастан, 25 қаңтар таңғы 7:00-де қайтыс болған.

Бұған дейін South China Morning Post газеті инсайдерлік дереккөздері негізінде, әлем халқын тіксінткен атышулы дерт жұқтырған дәрігерлердің саны ресми нұсқадан әлдеқайда көп екенін хабарлаған. 

- Бір Ухань қаласының кез келген емханасында қатерлі індеттің  тырнағына ілінген ақ халаттыны табу қиын емес, ауру жұқтырған дәрігерлердің саны 15-тен көп, - делінген хабарламада.

Маманның айтуынша, медицина қызметкерлерінің емі әлі айқындала қоймаған дертке шалдығуының бір себебі – коронавирустың жаңа түрін жұқтырған пациенттер дер кезінде оқшауланбауынан деседі.

Коронавирустың өршуінен 41 адамның өмірі қиылып, 1300-ден астам адам төсек тартып жатып қалды. Өлім қаупі зор дерт мұхит асып, Австралия, Франция мен АҚШ еліне дейін тарап үлгерген. Қытайдан оралған науқастар қазір оқшауланып, ем қабылдап жатыр.

Ал Гонконг жетекшісі вирусқа қатысты төтенше жағдай жариялады, әрі Қытайға ресми сапармен баруға уақытша мораторий енгізді.

0 Пікір Кіру