Әдемілік символына айналу үшін не істеу керек? - на health.bugin.kz
sara.zhetkergen.01@mail.ru - на health.bugin.kz sara.zhetkergen.01@mail.ru

Өзіңді қолға ал

Қазіргі заман, қазіргі қоғам, жалпы адамзат баласы бір орында тұрақтамайтын өте жылдам қозғалыста дамып келеді. Осы жылдам заман ағымына ілесіп, соған сәйкес бейімделеміз деп кей-кейде өзімізге, өзіміздің жеке бас қажеттілігімізге не керек екенін ұмытып жатамыз. 

Тіпті, оған мән беруден де қаламыз. Бұл дегеніміз не? Бұл адам жан-жағына, басқаларға қараймын деп, соған ілесемін деп , ешкімнен қалып қоймайын деп, сол өзінің ортасы қалыптастырып берген заңдарға бағынышты болып, тек сол арқылы ғана өмірін сүреді. Ал, оның жеке қызығушылығы, денсаулығы бәрі ашылмаған сандық күйінде, жабулы түрде, дұрыс көңіл бөлінбеген қалпында қала береді. Яғни, заман талабына сай өмір сүремін, жайлы өмір қалыптастырамын деп, қаражат жинаймын, білімнің соңынан қуамын не болмаса атақ-абырой жинаймын деп өзінің денсаулығын шетке ысырып қоятындардың саны қазіргі таңда айтарлықтай көп. Әрине, алдына қойған мақсатқа жетуге бәрі мүдделі, бірақ осы жолда денсаулығыңды қию арқылы емес қой. Бұл ешқандай да жақсы нәрсеге әкелмейді, иә, әрине сен қойған мақсатыңа жетерсің, бірақ бұл жолда мақсаттан бөлек жан-жағыңдағы басқа да құнды нәрселерге мән бермесең, сенің қолжеткізгеніңнен айырылғаның басымырақ болады. Бұны мен өзім жеке басымнан өткізгеннен кейін барып түсіндім. Кішігірім мысал ретінде айта кетейін.

Мектеп. Он бірінші сынып. Мектеп бітіруші түлек қыз. Ұлттық бірыңғай тестілеу. Мақсат айқын, іс-әрекетке көшу керек. Таңның атысы, күннің батысы қыздың екі көзі кітапта, бір нәрсе жанын жегідей жейді, мүмкін артылып отырған зор үміт па екен? Өзін қоярға жер таппайды, бір нәрседен құр қалып жатқандай ма, әлде бірнәрсеге үлгермей қалатындай ма күй кешеді. Және дәл осы сезім жиырма төрт сағат бойы қасында жүреді, жанынан бір елі де алыстамайды. Сабақ, кітап, тестілеу өмірінің мәніне айналған секілді. Бұдан басқа айналасында болып жатқан нәрселердің ешқайсысы да қызықтырмайды. Достарымен қарым-қатынасы да жайында қалған. Тек сабаққа бару, одан шығып кешке дейін қосымша сабағы, үйіне келіп қайтадан кітабын құшақтап отырады. Сәл кітаптан басыңды алып, демалып ал деген ата-анасының сөзін де тыңдамайды. Әрбір күні дәл осындай түрде, осындай атмосферада өтеді. Соңы немен аяқталды дейсіздер ғой. Бір күні бұл қыз қатты ауырып қалады, орнынан тұра алмайтындай жағдайға түседі. Жедел жәрдем, аурухана, ақ халатты абзал жандар, дәрі-дәрмек айналасын қоршайды. Бұның бәрі ненің кесірі? Өз-өзіне деген күтімнің болмауында, стресс, шаршау, денсаулығын шетке ысырып қойып, оған мән бермеудің арқасында осындай күйге түседі. Бұл жағдай қызға үлкен сабақ болды. «Ең басты байлық - денсаулық» деген ұғымның мәнін расыменде сол мезетте түсінгендей болады. Денсаулыққа бей жай қарау, түбі ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Бұл бір өзім өмірлік сабақ алған кез болды деп айта аламын. Ал, ендігі мақсат сол бұзылған  денсаулықты дұрыстау болды. Денсаулығымды қайта қалпына келтіруді салауатты өмір салтын ұстанудан бастадым. Денсаулық кепілі-салауатты өмір салты екені шүбәсіз ақиқат еді.

Денсаулықтың кепілі бұл, әрине, айта кеткендей - салауатты өмір салты. Салауатты өмір салтын ұстану, жалпы алғанда барлық адамзат баласының міндеті есебінде қабылдануы тиіс. Бірақ, бұл міндетті көбісі дұрыс атқарып жүр деп айта алмаймыз. Тіпті, оны өзіне артылған міндет ретінде қабылдамайтындар өте көп. Бұрынғы өзім сияқты. Оның маңыздылығын бәрі саналы түрде түсінеді, бірақ соған қарай жұмыс жасауға ешкім ұмтылмайды. Көбіне, керісінше, салауатты өмір салтына кереғар нәрселерге құмартып жатады. Осындай кезде адамның өз-өзіне деген құрметі қайда қалды деп ойлаймын.

«Әдемілік — азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі» бәрі, бәрі де әдемілікке ұмтылады, әдемілік кімге ұнамасын? Бәрі әдемілікті қалайды, оны жақсы көреді, ал оған сай болу үшін ол не істеп жатыр? Иа, өте орынды айтылған қанатты сөз, денсаулығыңның мықты болуы ол сенің әдемілігің. Денсаулық - адам сұлулығының символы іспеттес. Адамға бір-ақ рет берілетін сый бұл – өмір екені бәріне мәлім. Өмірдің бар тәтті дәмін сезіну үшін адамға ең алдымен байлық та, қаражат та, билік те керек емес. Адамға ең алдымен оның денсаулығы керек. Сол себепті салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап айтудың өзі артық болар. Осы орайда салауатты өмір салты дегенімізді жалпы қалай түсінеміз. Салауатты өмір салты дегеніміз не? Ол көп адамға өте қиын, күнделікті орындауға мүмкін емес нәрсе болып көрінетін қағидалар. Бірақ, бұл жерде тек адамның өз-өзіне деген құрметінің қаншалықты екендігі, өзіне деген сенімділігі және рухының қаншалықты биік екендігі әсер етеді. Салауатты өмір салты дегеніміз өз-өзіңді әрдайым таза ұстау, яғни, жеке бас гигиенасын сақтау, дұрыс тамақтану, әрдайым қозғалыста болу, күнделікті жарты сағаттай уақытыңды бой жазуға, сергіту жаттығуларына арнау деп білемін. Өте қарапайым нәрселер, бірақ бұны адамдар неге соншалықты қиын іске айналдырып алғанын мен әлі де түсінбеймін. Мүмкін, бәрі ерік күшінің төмендігінен шығар. Бұл қарапайым қағидалардың қарапайымдылығына мен жеке тоқталып, оның маңыздылығы туралы айта кетсем.

Бірінші, жеке гигиена. Бәрі де  жеке бас тазалығынан басталады, егер де сіз өз тазалығыңызды қолға алмасаңыз түрлі ауруларға тап боласыз. Ал, бұл ешкімге де қажет емес.

Екінші, дұрыс және уақытылы тамақтану. Адамның тым тойып тамақ жеуі де, аш жүруі де денсаулығына өте зиян. Сол себепті, аз-аздан бірақ күніне 5-6 рет тамақтанған жөн. Майлы, тәтті, ащы тағамдар адам организіміне ең қатты залалын тигізетін улы заттар. Әрбір зиянды тамақ жеп жатқан сайын сізде «мен өзім, өз қолыммен, өз-өзімді улап жатырмын» деген ой қалыптасу керек. Расымен де, сізді ешкім қинап ол зиянды тамақты жегізіп жатқан жоқ, сіз өз қолыңызбен өз-өзіңізді улап жатырсыз. Сәл ойланайық, өзіміздің ағзамызға өзіміз жанашыр болмасақ, басқа кімнің жаны ашиды? Бұл жерде ең бастысы нәпсіні санаға билете білу керек.

Үшінші, әрдайым қозғалыста болу және күнделікті дене жаттығуларын орындау. Айтқанға оңай болғанмен, іске келгенде қиын болып көрінетін бұл қағидаларды орындау өте жеңіл. Тек бір итермелейтін күш, мықты ерік күші керек. Бар ерік күшіңізді жинап, еріншектікке салынбай, орныңыздан тұрып, бастап кетсеңіз, жаттығудың соңына да қалай жетіп қалғаныңызды білмей қаласыз.

Осындай қарапайым қағидаларды орындау негізі ешқандай қиындық туғызбайды, тек біз адамзат баласы соны саналы түрде қабылдап, барлық ерік жігерімізді боймызға жинасақ қана әдемілікке қол жеткізе аламыз. Ал, «Әдемілік» кепілі зор денсаулық екеніне кім күмән келтіре алады?

Қорытындылай келе, денсаулық адам үшін теңдесі жоқ зор байлық. Адамның алдыға қойған мақсаты, өмірлік мұраты қандай болса да, заман ағымы қаншалықты тез болса да, ол ең алдымен өзінің денсаулығын бірінші орынға қоюы керек. Өз-өзіне деген құрмет арқылы ғана адам әдемілікке жетеді. Әдемілік кепілі – зор денсаулық, денсаулық кепілі – салауатты өмір салты. Салауатты өмір салты адамның өзіне деген құрметі үшін құрылған қарапайым қағидалар жиынтығы. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы ғана адам «әдемілік символы» атана алады. Ал, сіздің әдемілік символы атануыңызға не кедергі?


0 Пікір Кіру