Испан тұмауы жайлы не білеміз? - на health.bugin.kz
Асылай - на health.bugin.kz Асылай

Осыдан 102 жыл бұрын не болды?

Жаһанды жалпағынан жайлаған Covid 2019 індеті адамзаттың үрейін туғызып, кәрі-жастың тағдырын жалмап, ғұмырымызды бір сәтте қорқынышты түстей өзгертіп жіберді. 

Аты жаман індеттің бізге дейін де өзге түрлері таралып келгенін бірі білсе, бірі дұрыс біле бермейді. Соның бірі 1918 жылы басталып, әлемдегі 50 миллион адамның өмірін қиған испан тұмауы.  Бай немесе кедей, жас немесе кәрі деп бөлмей көпке қатер төндірген індеттің әсерінен адамдар 14- 15 аптада, тіпті 24 сағаттан соң да дүниеден озған.

H1N1 індеті Бірінші Дүниежүзілік соғыстың соңғы айларында пайда болып, оның алғашқы құрбандары ылғалды әрі салқын жерде жүріп, жеке бастың тазалығын сақтамаған, тамақтануы нашар, иммунитеттері әлсіз әскерилер болған.

1918 жылы жаз айларында елге оралған олар өздерімен бірге індетті әкеледі. Ол 8 миллионға жуық Испания тұрғандарына, тіпті король Альфонсо XIII ке кесірін тигізіп, алғаш боп індет туралы испандықтар мәлімдейді.

Сонымен қатар ауру Еуропа елдерінің бірнеше бөлігіне тарап үлгерсе де, бұл туралы журналисттер ауыз ашпаған. Оның себебі: Испания Бірінші Дүниежүзілік соғысқа қатыспады, әрі онда Франция, Германия мемлекеттеріне қарағанда әскери цензура болмады. Әрі, халық арасында дүрбелең басталып кетуінен қорыққан.

Аурудың алғашқы белгілерінде адамның басы айналып, құрғақ жөтел қысып, тәбеті қашып, екінші күні қатты терлей бастаған. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі 20-40 жастағы адамдар болған.

Ғаламшарға кеңінен тарап кеткен дерт 1918 жылдың шілде айында бір күннің ішінде Лондондағы тоқыма фабрикасындағы 400 қызметкердің 80-інен анықталған. Тамыз айында індет Канада да, қыркүйекте АҚШ- та үдей түскен. Адамдар бір- бірінен қашып, бетперде тағып жүрген. Театр, мектеп, шіркеулер жұмысын тоқтатқан.

Нью- Йоркте жерге түкіргені үшін тұрғындарды қамап отырған.  Аурудан жазылу тәсілін білмеген адамдар  қарапайым сиыр етінің сорпасын ішкен.

Жер бетіне қауіп төңдірген «испан тұмауы» сынды «қара шешек», «оба», «құс тұмауы» деп аталатын тағы басқа қатерлі аурулар тарих толқынында қайталанып отырған. Бізге жеткен «тәжвирусы» аталатын індетте тарихқа таңбаланар қауіпті кезеңнің бірі болуы бек мүмкін. Тек, сабырлық танытып, барлық тұрғын жеке бастың тазалығын назарда ұстап, үйден тысқа шықпай, темірдей тәртіпті сақтап, жұдырықтай жұмылып, дерттен дереу шығуды ойлайық!


1 Пікір Кіру