Мелатонин гормоны туралы не білесіз?  - на health.bugin.kz
Сәния - на health.bugin.kz Сәния

Ұзақ өмір сүру гормоны

Көптеген адамдар ұйқы гормоны - мелатонин туралы бұрыннан естіген. Ол сондай-ақ өмір немесе ұзақ өмір сүру гормоны деп те аталады. Ғалымдар бұл гормонның қасиеттерін әлі де зерттеп жатыр, оның адам ағзасына жағымды әсері және қалыпты жұмысына қажеттілігі анықталған.

Мелатониннің адам ағзасында қалыптасуы:

- табиғи түрде ағзада өзі бөлінеді;

- тамақтану арқылы қабылданады;

- арнайы дәрі-дәрмектер мен қоспалар арқылы.

Мелатонин  ағзада мидағы эпифиз безі арқылы өндіріледі. Күн сәулесінің әсерінен  амин қышқылы триптофан мида серотонин түзеді, ол түнде мелатонинге айналады. Эпифизде синтезделгеннен кейін мелатонин жұлын-ми сұйықтығына және қанға енеді. Сондықтан мелатониннің ағзада жеткілікті қалыптасуы үшін күндізгі уақытта далада жарты сағат немесе бір сағат бойы жүру маңызды. Өндірілетін гормонның мөлшері тәулік мезгіліне байланысты: түнде организмдегі барлық мелатониннің шамамен 70%-ы өндіріледі. Яғни, күндізгі уақытта аз, ал түнде көп синтезделеді.

Мелатонин гормонының белсенділігі кешкі сағат 8-де басталады да, көп мөлшерде өндірілуі түн ортасынан таңғы 4-ке дейін жалғасады. Сондықтан бұл сағаттарда қараңғы бөлмеде ұйықтау керек. Ересек адамда күн сайын 30 микрограмм мелатонин синтезделеді. Мелатониннің табиғи түрде қалыптасу деңгейін жоғарылату үшін бірнеше маңызды ережелерді сақтау қажет:

-  түнгі сағат 12-ге дейін ұйықтауға тырысыңыз;

-  егер түнгі сағат 12-ден кейін оянсаңыз күңгірт жарық түрлерін қолданыңыз;

-  ағзаның күш-қуаты толық қалпына келу үшін, ұйқы уақытын реттеңіз;

-   төсекке жатар алдында барлық жарық көздерін өшіріңіз, перделерді мықтап жабыңыз. Егер шамды өшіру мүмкін болмаса - ұйқыға арналған масканы қолданыңыз;

Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша мелатонин гормоны тек эпифизде ғана синтезделмейді. Адамның өмір сүруі, өмір процестері мен ұйқының ырғағын реттеу үшін адам миында өндірілетін мелатонин мөлшері жеткіліксіз болады. Сондықтан мелатонинді өндіру жүйесінің екі құрамдас бөлігі қарастырылады: орталық - ұйқы гормонының синтезі жарық пен қараңғылықтың өзгеруіне байланысты, ал перифериялық - мелатонин өндірісі жарық процесімен байланысты емес қалған жасушаларда қалыптасуы. Бұл жасушаларға адам ағзасындағы асқазан-ішек жолдары қабырғаларының жасушалары, өкпе және тыныс жолдарының жасушалары, бүйректің кортикальды қабатының жасушалары, қан жасушалары және т.б. жатады.

Мелатонин гормонының негізгі қызметі - адам денесінің тәуліктік ырғағын реттеу. Дәл осы гормонның арқасында біз дұрыс әрі терең ұйықтай аламыз. Ғалымдар мелатониннің адам ағзасына әсерін мұқият зерттей отырып, оның адам ағзасы үшін басқа да маңызды және пайдалы қасиеттерге ие екендігін анықтады:

-       ағзаның эндокриндік жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз етеді;

-       қартаю процесін баяулатады;

-       ағзаны уақыт белдеуінің өзгеруіне бейімдеуге көмектеседі;

-       ағзаның иммундық жүйесін қорғайды;

-       антиоксиданттық әсерге ие;

-       стресстен және маусымдық депрессиямен күресуге көмектеседі;

-       жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын және қан қысымын реттейді;

-       дененің асқорыту жүйесінің жұмысына қатысады;

-      басқа гормондардың өндірілуіне әсер етеді;

-       адамның ми жасушаларына оң әсер етеді.

Адам ағзасында мелатониннің рөлі орасан зор. Мелатониннің жетіспеушілігінен адамның қартаюы тез жүреді, дене салмағының реттелуі бұзылады, бұл семіздікке әкеледі. Әйелдерде менопаузаның ерте қаупі және сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі артады. Алдын ала бірнеше күн ұйықтап мелатонинді жинауға болмайды. Ұйқының уақытын және тамақтану сапасын сақтау маңызды.

Тағам құрамындағы мелатонин. Мелатонин гормоны ағзаға көмірсулар, ақуыздар, кальций және В6 дәрумені бар тағамдармен қабылданады. Кейбір тамақ өнімдерінде мелатонин таза түрінде кездессе, басқасында - оны синтездеуге қажетті компоненттер бар. Дайын түрінде мелатонин жүгері, банан, қызанақ, күріш, сәбіз, шалғам, інжір, ақжелкен, сұлы, жаңғақтар, арпа және мейіз құрамында кездеседі.

Амин қышқылы триптофан асқабақта, жаңғақ пен бадамда, күнжіт тұқымында, ірімшікте, майсыз сиыр еті мен күркетауық етінде, тауық жұмыртқасында және сүтте болады.

В6 дәруменіне бай өнімдер: банан, жаңғақ, өрік, үрме бұршақ, күнбағыс тұқымы, жасымық, болгар бұрышы.

Кальцийдің көп мөлшері бұршақ дақылдарында, сүтте, жаңғақтарда, інжірде, қырыққабатта, сояда, сұлы және басқа да пайдалы тағамдарда кездеседі.

Айта кету керек, организмде мелатониннің өндірілуі алкоголь, темекі, кофеин, сонымен қатар белгілі бір дәрі-дәрмектерді ішкенде, құрамында кофеин бар дәрілерді, ұйықтайтын таблеткалар, қабынуға қарсы препараттар және антидепрессанттарды қабылдағанда тоқтайды.

Жастың ұлғаюымен қатар ұйқы гормонының мөлшері азаяды. Бұл ұйқының бұзылуына әкеледі. Егер жас кезде мелатониннің жетіспеуі сезілмесе де, 35 жастан кейін оның жетіспеушілігі адамның денсаулығына әсер етуі мүмкін.



0 Пікір Кіру