COVID-19 індеті: Әлем ахуалы - на health.bugin.kz
Пернебек Ақтоты Ерманқызы - на health.bugin.kz Пернебек Ақтоты Ерманқызы

Пандемия

Әлем бойынша коронавирус дертіне шалдыққандар саны күн санап артып барады. Ошағы Қытайдың Хубэй провинциясынан басталып, 75 мемлекетке тарап үлгерген ковид-19 вирусы пандемияға айналуы мүмкін. 

Вloomberg мәліметіне сәйкес, әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 93024 адамға жеткен. Қайтыс болғандар саны – 3201 адам. Коронавирус дерті әлемдік пандемияға айналуы мүмкін деп дабыл қаққан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда аурудың таралуы бәсеңдеп, одан тыс мемлекеттерде артты дейді. 

Соңғы 24 сағатта коронавирус Қытайдан басқа мемлекеттерде 9 есеге көп анықталып отыр. АҚШ-тың Уашингтон штатының өзінде 100-ден астам вирус жұқтырып, алты адам қайтыс болған. Covid-19 Еуропада тез таралып барады. Сол себепті Еуроодақ елдері коронавирус індетінің таралу қаупін орта деңгейден жоғары деңгейге дейін көтерді. Осы ретте Еуроодақта кризисті штаб құрылатын болды. 

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен: «Денсаулық мәселелері бойынша агенттігіміз бүгін індет таралу қаупі жоғары деңгейге көтерілгенін жариялады. Еуроодақ вирусты ауыздықтау үшін барлық деңгейде тиісті шаралар қабылдап жатыр. Біз қауіпсіздік шараларын қолға алуымыз керек, сол себептен Еуропарламентте келушілерді қабылдауға шектеу қойдық. Семинарлар, көрмелер және өзге де мәдени іс-шаралар өткізілмейді. 

Қазіргі кездегі басты міндетіміз – үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету», – деді. Вирус жұқтыру қаупі жоғары бірінші санаттағы елдер қатарында Иран, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг, Тайуань, Макао тұр. Өңделген деректер бойынша, аталған дерт Франция, Аустралия, Филиппин, Беларусь, Латвия, Германия және АҚШ-та тіркелді. Сонымен қатар, Ресей, Украина, Армения, Қырғызстанда да вирусқа шалдыққандар карантинде жатыр. Олар Diamond Princess кемесінде болған. Ал Беларусь пен Латвияда ирандық студенттерден коронавирус табылды. Жаңа деректер бойынша Ауғанстан, Канада, Ливан, Пәкістан, Кувейт, Бахрейн, Ирак, Оман, Катар және Біріккен Араб Әмірліктерінде коронавирус анықталған. Дәрігерлердің болжамынша оларға Иран азаматтарынан вирус жұққан болуы мүмкін. 

Дерттің тез таралуынан қауіптеніп отырған бірқатар елдер сақтық шараларын күшейте бастады. Аустралия вируспен күресу мақсатында 2015 жылы қабылданған биологиялық қауіпсіздік туралы заңға сай әрекет етіп отыр. Жапонияда мектептер жабылып, мемлекеттік бюджет есебінен ата-аналарға қаржылай көмек берілетін болды. 

Бұл жөнінде мәлімдеме жасаған ел премьер-министрі Синдзо Абэ:«Біз коронавирустың әлем экономикасына, соның ішінде Жапония экономикасына әсерін бақылап отырмыз. Төтенше жағдайлардың екінші пакетін дайындаймыз. Оған биылғы бюджеттен қосымша 2 жарым миллиард доллар бөлінеді», – деді. Оңтүстік Кореяда вирусқа тосқауыл қою үшін 25 миллион доллар бөлінді. Ел президенті Мун Чжэ Ин: «Тэгу қаласы мен Кёнсан провинциясында індеттің таралуы өзінің шегіне жетті деп ойлаймын. Қазір қауіпті кеселмен бүкіл ел жұмыла күресіп жатыр. 

Орталық басқару штабымен бірге індетті толық жеңгенше, барлық мемлекеттік орган 24 сағат бойы әрекет етуге дайын болуы қажет», – деп мәлімдеді. Дәл қазіргі уақытта Кореяда вирус жұқтырғандар саны 4 мыңнан асып, 28 адам өлім құшқан. Иран үкіметінің коронавируспен күрес шарасы аясында шамамен 54 мың тұтқын уақытша босатылды. Соңғы дерек бойынша, Иранда коронавирустан 77 адам көз жұмған, 2340 адамнан вирус табылған. Бұл әлем бойынша Қытайдан кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Иранда вирус жұққан жоғары лауазымды шенеуніктер саны да артып барады. 290 орындық парламенттің 23 мүшесінен вирус табылған. Көршілес мемлекеттердің басым бөлігінен табылған вирус дерегі ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда тіркелген жоқ. Дегенмен үкімет сақтық шараларын қолға алды. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың 6 қаңтарынан бастап коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің 3 кезеңін іске асырған. 1 наурыздан бастап сол елдерден келген тұлғаларға карантиндік іс-шаралар қолданылатын елдердің тізбесін кеңейтетін күшейтудің 4 кезеңі енгізілді. Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында үкімет елде коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі іс-қимыл алгоритмін әзірлеген. 


0 Пікір Кіру