Елімізден дәрілік өсімдіктерді Қытайға, АҚШ пен Түркияға тонналап әкетіп жатыр - на health.bugin.kz
Bugin.kz - на health.bugin.kz Bugin.kz

Қазақстандық өсімдіктерді шетелге апарып жатыр

Қытай, АҚШ және Түркия елімізден дәрілік өсімдіктерді мыңдаған тонналап әкетіп жатыр.

Қолда барына жүгінсек, 2015 жылы тек Оңтүстік Қазақстан облысынан ғана 14 438 тонна мия тамыры (қызылмия немесе солодковый корень) шикізат түрінде экспортқа кеткен. Ал 2016 жылдың 10 айында өңірден 12 мың 117 тоннасы шыға­рылыпты. Кеден органының статистикасы бойынша қазақстандық мия тамы­рын сатудың негізгі 3 нарығы анықталған. Нақтылай кетсек, Қытай 2014 жылы – 21 404,5 тонна, 2015 жылы – 14 651,9 тонна, 2016 жылы – 9 500,8 тонна; Түркия 2014 жылы – 411,7 тонна, 2015 жылы – 1 мың 46,4 тонна, 2016 жылы – 171,3 тонна, ал Америка Құрама Штаттары 2014 жылы – 182 тонна, 2015 жылы – 764,5 тонна, 2016 жылы – 300 тонна мияны қазақ елінен тасып әкеткен.

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің байламынша, «Қазақстан дәрілік өсімдіктерді, оның ішінде мия тамырын өсіру, дайындау және өңдеу бойынша әлеуетке ие». Мия тамыры Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында өседі. Бұл жерде меморган қырғыз елін үлгіге келтірді.

«Көрші Қырғызстанда дәрілік шөптерге сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде, қырғыз кәсіпкерлеріне табыс әкеледі. 2017 жылы Ыстықкөл өңірі шетелдік фармацевтикалық компаниялармен жасалған шарттар негізінде 129 мың доллар сомасына 30 тонна дәрілік шөпті экспорттады. Ал 2018 жылы экспорт 134 мың долларға жетті», – дейді комитет.

Бұл салтанатты, қымбат 1 жеңіл көліктің бағасы.  Әрине, посткеңестік кеңістікте бұдан да табысты елдер бар екен. Мәселен, Украинаның мемлекеттік статистикасының мәліметінше, 2017 жылы жергілікті кәсіпкерлер әртүрлі дәрілік өсімдікті экспорттаудан 7,5 миллион доллар табыс көріпті. 2018 жылғы сауда қорытындысында бұл көрсеткіш 10 миллион доллардан асқан. Осы орайда Қазақстанның экология ведомствосы Кәсіпкерлік кодексіне жаңа норма қосып, «Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қадағалау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызмет саласын» енгізбек.

Заң жобасы қабылданса, кәсіпкерліктің осы түрімен айналысқысы келетіндер мемлекеттен рұқсат алуы керек болады. Сонда дәрілік, құнды өсімдіктерді теру заңдастырылады, «көлеңкелі», заңсыз схемалары азаяды, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Егер бұл сала заңдастырылса, оған шетелдік инвесторлар келуі ықтимал. Әлден қызығушылық танытуда. Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «Қытай медицинасы ғылыми-зерттеу институтының» директоры Чу Джун Хуа (Chu Junhua) өтінішпен жүгінді. Шың елінің институты Қазақстанда ЖШС түрінде өз бөлімін ашқан.

«Біздің компания дәрілік өсімдіктер шикізатын жинау, өңдеу және экспорттау қызметін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сол себепті бұл қызметке қандай рұқсат құжаттары топтамасын алу қажет болатынын түсіндіруді сұраймын. ДСҰ-ның Сауда және тарифтер жөніндегі бас келісімінің ХI-бабына сәйкес, ұйымға мүше бірде-бір ел өнімді сыртқа шығаруға, соның ішінде экспорттық лизенция немесе квота түрінде қандай да бір тыйым салуға құқығы жоқ. Білге­німіздей, Қазақстан заңнамасы бойынша дәрілік шөптерді жинау қызметі лицензиялауға жатпайды. Ал халықтан дәрілік шөптерді сатып алатын пункттер ашу үшін қандай рұқсат қағазы керек? Оған дәрілік шикізат тапсыратын жеке адамдарға талап қойыла ма?» – деп сұрады Чу Джун Хуа.

Қазақстанда өсімдіктер 12,5 миллион гектар аумақта өседі және жазық пен таудағы 10 түрлі эко­жүйеден тұрады. Еліміз бұл жөнінен Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында 3-орында. Рас, қопа-қамыс, мең­дуана, сарғалдақ, арамшөптердің құны жоқ. Ондайларды қоспағанда, қазақ жерінде ғылыми тілде «жоғары өсімдіктер» деп дәріптелетін 5 754 құнды түрі бар. Ғалымдардың байламынша, қазақ өсімдіктеріне эндемизмнің жоғары деңгейі тән: қарапайым тілмен айтқанда, жоғары өсімдіктердің 14%-ы елімізде тек белгілі бір орында ғана өседі. Яғни өзге өңірлер мен жерлерде таралмаған, кездеспейді, жерсінбейді. Ал Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сай, республикада сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің тізіміне («Қызыл кітапқа») өсімдіктердің 387 түрі кіреді. Тұтастай алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда – қорықтар мен ұлттық парктерде жойылу қаупі төнген түрлердің кемінде 60%-ы өседі.

«Мемлекет олардың жай-күйін бағалауға бағытталған гранттар бөлініп, арнайы жобаларға бастамашы болады. Кейбір жобалар грек жаңғағы, пісте-фисташка секілді жаңғақ өсімдіктерінің, сондай-ақ көптеген сәндік-декоративті өсімдіктің коммерциялық плантацияларын құру арқылы сирек кездесетін түрлердің ауқымын қалпына келтіруге және кеңейтуге бағытталған. Мұндай шаралар орман шаруашылығы мекемелерінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ғылыми ұйымдарда, мысалы ботаникалық бақтар мен дендропарктерде жүргізіледі. Әралуан санаттағы түрлердің кемінде 10%-ы өсіріледі, арасында Тянь-Шань шыршасы, Сиверс алма ағашы, грек жаңғағы, қарапайым пісте, долана түрлері бар», – деді Экология министрлігі. Мамандар бұл саланы бір ретке келтіру қажет деген пікірде.

Әйтпесе, арнайы рұқсаты болмаса, елде саңырауқұлақ пен жидек жинауға да рұқсат етілмейді екен: ол үшін «орман билетін» алу керек. Қазақстандықтар елімізде негізінен, Алтайдың, Бурабайдың, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның орманды-таулы жерлерінде өсімдіктер, саңырауқұлақтар, жидектер, жаңғақтар жинайды. Бұл халықтың дәстүрлі кәсіпшілігі, дегенмен кейде құқықбұзушылық қатарына да кіріп кетеді. Атап айтқанда, 2017 жылы – 7 007 адам осы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 105 миллион 268,9 мың теңге айыппұл салынған. 56 адам жазаланыпты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 7 671 адамға жетті, олар 102 млн 733 мың теңге айыппұл төледі, 77 адам қылмыстық жауапкершілік арқалады. 2019 жылғы 10 ай ішінде 6 074 адамға 70 млн 522,9 мың теңге сомасында айыппұл салынған. 48 адам табиғаттың бергенін теремін деп қылмыстық қудалауға ұшырады.

Айқын

0 Пікір Кіру