Дәрі ретінде қолдануға болатын қазақтың ұлттық тағамдары  - на health.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на health.bugin.kz Марғұлан Ақан

Шипасы дәріден де жоғары

Қымыз – табиғи дәрі. Жалпы, жылқы қасиетті түлік. Шөптің құнарлысын, судың тұнығын ішетін жылқы, еш уақытта сиыр сарып кеткен жерден су ішпейді. Мұрнын шүйіріп, шөлден өлсе де арамнан дәм татпайды. Содан болар, еті мен сүті ерекше ем болып саналады. 

Қымыздың да түрлері көп. Уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, асау қымыз, қысырақ қымыз, сары қымыз, сірге жияр қымыз, түнеме қымыз... 

Бұлардың қайсысының болса да емдік қасиеті күшті. Тек, әркім денсаулығына қарай ішкені абзал. Мысалы, асқазан қышқылы бар адам асау қымыздан гөрі, уыз қымызды ішкені дұрыс. Ас қорытуы үшін құнан қымыз бен дөнен қымыз және асау қымызда артық болмайды. Құнарлысын ішем дейтіндер қысырақ қымызды ішкені жөн. Бірінші рет құлындаған қулық биенің қымызының құнарлығы ерекше болмақ. 

Қымыз, өкпе аураларының барлық түріне, және асқазан-ішек ауруларына өте пайдалы. Тіпті, қымыз ұзақ уақыт тұрақты ішіп тұрсаңыз сол ауруыңыздан құлан таза айығып кетуіңіз бек мүмкін. 

Қымызды тобылғы түтінімен ысталған сабада ашытудың маңызы зор екенін естеріңізде сақтаңыздар. Қымыздың емдік қасиетін арттыруда, ашыту жолдарының маңызы ерекше болмақ. 

Шұбат – дәрумендерге аса бай сусын. Тіпті, теңдесі жоқ десе де болады. Бір литр шұбат ішкен адам өз ағзасының витаминдер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алады. Анықтап айтар болсақ, ғалымдар шұбаттың созылмалы өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының қабынуын емдеуде шипасы ерекше екенін дәлелдеді. Адамзат індеті болып тұрған туберкулезді түбімен жоятын да осы шұбат. Сондай-ақ, шұбатты үнемі ішіп жүрген адамның әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсылық қуаты артады. 

Құрт – сиыр сүтінен жасалатын нағыз дәрілік тағам. Оның мағынасы құрғатылған сүт  дегенді білдіреді. Қытай және жапон халықтарының көп сандысы көзілдірік тағады. Оның себебі, қатты тағам жемегеннен. Қазақ пен қырғыздарда және моңғолдарда көзілдірік тағатындар аз. Құрт қатты болғандықтан, оны мүжіп жеу кезінде көзге ерекше пайдасы болады. Құрттың пайдасы жетерлік. 

Айталық, онда кальций мол болғандықтан сүйектің берік қалыптасуына, тісті мықты болуына және асқазанның дұрыс жұмыс істеуіне ықпалы зор. Күнделікті құрт жеп жүрген адамның буын, омыртқа ауруларына аз шалдығатыны белгілі. Құрт әсіресе балалар үшін, олардың сау денелі болып жетілу үшін ерекше маңызға ие. Жас балалардың көзінің жақсы көруі, тісінің мықты болуы, бойының биік болуы үшін құрттың әкелер пайдасы өте мол. 

Айран – сүттен жасалатын ұлттық тағам. Сүттен айырмашылығы – ұйытылғаннан кейін құрамы өзгеріп, пайдалы бактериялар артады. Айран ас қорыту үшін таптырмс «дәрі». Науқас ауырғаннан кейін көптеген антибиотиктер дәрілерді көп ішетіні анық. Ол дәрілердің жағымсыз әсерінен айырылу үшін медицинада айранды пайдаланады. Айранның құрамындағы микроэлементтер ағзадағы түрлі ауру тудырушы бактерияларды жойып, созылмалы аурулардың алдын алады. Айран құрамындағы кальций мен калий адам ағзасы үшін аса қажетті екенін білеміз. Ұйықтар алдында ішкен айранымыз жүйкемізге ерекше оң әсерін тигізеді. Ұйқысыздықтан арылтып, стрестен құтылуға басты себепкер. 

Жалпы, қазақтың тұтынатын ұлттық тағамдарының қайсысын алсақта, денсаулыққа пайдасы зор. Бабаларымыздан қалған атамыздың асын бағалай білсек, дәрі ретінде рөл атқарады. 

Дереккөз: "ЖасАй" журналы

0 Пікір Кіру