400 миллионнан астам балалар кедейшілік шегінен асқан елдерде өмір сүреді - на health.bugin.kz
Абай Тағыберген - на health.bugin.kz Абай Тағыберген

Әрбір бала білім алуға құқылы

Соңғы 4-5 жыл бұрынғы мәліметке көз салсақ, дүние жүзінде миллиардқа жуық мүгедектігі бар адам тіршілік етеді. Олардың ішінде 110-нан 190 миллионға дейінгі адамдардың жүріп тұруы қиын. Ал, сол қимыл-қозғалысы қиын адамдардың 150 миллионға жуығы – бес жасқа дейінгі балалар. Халықаралық ЮНИСЕФ қорының талдамалы қорытындысына сүйенсек, 400 миллионнан астам мүгедектігі бар балалар табыс деңгейі төмен және кедейшілік шегінен асқан елдерде мекен етеді. Бұл факті әлем елдерінің ішінде Қазақстанды да алаңдатып отыр. Мәселе туа бітті денсаулығында кінәраты бар балаларды болашаққа бейімдеу, һәм оларға толыққанды білім беру. Қазақстан көптеген елдер секілді егемендік алған жылдардан кейін білімге басымдық берді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің жолдарын іздестіріп, арнайы бағдарламалық құжат бекітті. Бұл инклюзивті білім беру бағыты деп аталады.

Қоғамда кез келген мәселе ашық талқыға салынады. Әсі­ресе, білім саласындағы бетбұ­рыстар мен өзгерістер халық сы­нына төтеп бере алуы тиіс. Жа­сы­ратыны жоқ, ширек ғасыр уа­қыт ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруде түрлі кедергілер аяқтан шалды. Содан бері Қазақстан 2007 жылы "Білім туралы" заңға инклюзивті білім беруді қосып, Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет атанды. Қазіргі ахуал нендей? Кадрлар жеткілікті ме? Инклюзивті бала­лар тең дәрежеде білім ала ма? Мем­лекет ұсынған мүмкіндіктер қандай? Осы сынды толғақты сұ­рақтар әрбір ата-ананы алаң­да­тады. Әсіресе, мүмкіндігі шек­теу­лі баланы асырап отырған ана­лар үшін бұл екі есе маңызды.

Инклюзивті оқытудың тала­бы­на сәйкес мүгедектігі бар бала­лар үшін білім тегін беріледі, әрі бұл балалар белгілі стандартқа сай білім алады. Үйден оқуға мәж­бүр оқушыларға арнайы пе­да­гогтар бөлінеді. Ресми дерек­терге иек артатын болсақ, Қа­зақс­танның оңтүстік аймақта­рында үйде білім алатын мүге­дек­тігі бар балалар саны өзге айм­ақтардан сәл жоғары. Әсі­ресе, шалғай жатқан аудандарда үлес-салмақ көрсеткіштің басым бөлігін құрайды. Инклюзивті оқытудың талабы қатал. Себебі баланың бәрінің жағдайы бірдей емес. Әрдайым қадағалауды қа­жет ететін балалармен жұмыс жүр­гізуде білікті кадрлар қажет. Осы саланың ділгір мәселесін көтеріп жүрген мамандар инклю­зивті оқытуды жеке дара оқыту деп қарамау керек деп есептейді. Өйт­кені оқыту үшін педа­гог­тар­мен бірге логопедтер, мұғалім­дер­дің көмекшілері, консультанттар бірлесе қызмет етеді. Сонда ғана нәтижеге бағытталған жұмысты бақылауға болады.

Ерекше қажеттілігі бар бала­ларға білім беріп жүрген педагог Қызылорда қаласындағы №136 мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Баян Байымбетова инклюзивті білім берудің жыл санап жақсарғанын тілге тиек етті.

– Балаларды үйден оқыту жа­уап­кершілікті қажет етеді. Мен осы жылдан бастап инклюзивті бі­лім беру бағытында балаларға са­бақ беріп келемін. Сабақты бер­мес бұрын мұғалім алдын-ала әр балаға лайықталған сабақ жос­парын дайындайды. Оны мектеп­тің оқу жөніндегі орынбасары бе­кітеді. Алайда, практикалық ба­ғытқа келгенде баланың сол күнгі денсаулығы, эмоциясы бекітілген сабақ жоспарын толығымен орын­дауға кейде мүмкіндік бер­мейді. Себебі әр баланың диаг­но­зы әртүрлі. Сол үшін біз ата-ана­ларға қандай мамандармен жұ­мыс жүргізу үшін өз тарапы­мыз­дан кеңес береміз.Мысалы ата-ана­лар логопед, дефектолог, пси­хол­огтар және өзге де маман­дар­мен ақылдаса алады. Бірнеше ма­мандардың бірлесуі сабақты жүр­гізудің тиімділігін арттырады, – деді Баян Тұрсынқызы.

Білімнің бір тармағы санала­тын инклюзивті білім беруді тал­дап-таразылаған халықаралық БҰҰ Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі соңғы 10 жыл көлемінде балалар мүгедек­тігі жағдайларына мониторинг жүр­гізу айтарлықтай жақсарған­дығын мақұлдайды. Бұрынғыдай емес, қазірде мүгедектігі бар бала­лар инклюзивті немесе арнайы мек­тепке дейінгі, бастауыш неме­се институционалдық әлеуметтік мекемелерге бара алады. Демек, тең құқықта білім алады. Инклю­зивті білім берудің басты мақсаты да осы. Әр балаға тең дәрежеде қа­рап, қоғам тарапынан қысым­ның болмауын қадағалау.

Мүмкіндігі шектеулі балалар­дың ата-аналары көбіне көп ашы­лып сұхбат бере бермейді. Оған қоса дамуында шектеуі бар балаларды насихаттауды арнайы рұқсат алудың талабы тағы бар. Жал­пылай сыр суыртпақтайтын бол­сақ, инклюзивті білім беруде да­был қағар проблемалар көп емес. Аймақтағы ахуалдардың ха­лін білу үшін Қызылорда облыс­тық білім басқармасының ма­ман­дарына бардық. Басқарма­ның ресми өкілі Сұлушаш Сапарбае­ва­ның мәліметінше, аймақта 2016 жылы 6117 мүмкіндігі шектеулі ба­ла есепке алынса, олардың 5062-і дамуында мүмкіндігі шек­теу­лі бала. Білім беруді жетілдіруде мүмкіндігі шектеулі балалармен 18 ар­наулы білім беру ұйымдары оның ішінде арнайы түзету 3 мек­теп-интернаты (көру, есту қабі­леті бұзылған және ақыл есі кем балаларға арналған арнайы түзету білім беру мекемелер), 3 облыстық оңалту орталығы (ешбір білім беру мекемелерінде білім алмай отыр­ған дамуында проблемалары бар ба­лалар мен жасөспірімдерге ар­налған мекеме), 5 психоло­гия­лық-медициналық-педагоги­ка­лық консультациялар (дамуында пробл­емалар бар балаларға диаг­нос­тика және психологиялық-ме­дициналық-педагогикалық зерт­теу жүргізу, оларға білім және тәрбие алу түрін, әлеуметтік және медика-педагогикалық түзетуге қолдаудың қажеттілігін анықтау), 7 психологиялық-педагогикалық кабинеттер (түзету жұмыстарын ПМПК жолдамасы негізінде жүргізеді) қызмет етеді.

Мамандармен сұхбаттаса келе байқағанымыз, үйден оқы­ты­латын балалардың білімді иге­ру­ге құштарлығы зор. Үйренуге де­ген құлшыныс көңіл-күй­ле­рінен байқалады. Әрине, мұның бар­лығы педагог үшін терең ең­бек. Сол себепті де әрбір ұстаз әр­бір баламен жеке жұмыс жүр­гізуде іштей дайындық жасап, оқу материалдарын пысықтап, сабақтарына ойын элементтерін қосады. Жалпы инклюзивті білім беретін мұғалімдер семинар-тренингтер арқылы біліктілігін арттырады. Айталық, орта білім бе­ретін мектептердің 200-ге жуық мұғалімі арнайы оқудан өткен, алда 114 мұғалімді оқудан өткізу басқарманың жоспа­рын­да бар. Өткен жылы оқу-тәрбие ісі жөніндегі мектеп директо­ры­ның орынбасарларына ерекше қажеттілігі бар балалар үшін оқу про­цесін жасау ерекшелігі жө­нінде аймақтық семинарлар ұйым­дастырылғанын білеміз. Инклюзивті білім беру тек білім саласымен шектелмейді. Бұл денсаулық сақтау мен әлеу­меттік салалармен тығыз қабы­са­ды. Қазіргідей дамудың жаңа бе­лесіне шыққан уақытта атал­ған бағыттарға бөлінер қаржы да аз емес. Әрі әрбір баланың жағ­дайын жақсартуда мемлекет әлеу­меттік жәрдемақыларды таға­йындайды. Демек, баланың алаңсыз толыққанды өмір сүріп, тең дәрежеде білім алып, қоғам­да өз орнын табуына жағдай жа­сайды, жасай бермек.

Әрбір бала білім алуға құқылы. Балалар арасында теңдік орнату, бәріне бірдей тең көзқарас ұстану тек қаржыға ғана тіреліп тұрған жоқ. Бұл бір қоғамда өмір сүріп отырған әлеуметтің ортақ мәселесі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамның тең дәрежелі мүшесі ретінде қарау қалыпты қағидаға айналуы тиіс.  Себебі мемлекет байлығы – адами капиталдың сапасы.

0 Пікір Кіру