Қаракөз Амантай

Астанаға 146 мемлекеттен медицина саласының мамандары келді

Астанада өтіп жатқан медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияға қатысқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус соңғы 40 жылда әлемде денсаулық сақтау саласы бойынша қандай өзгерістер болғанын айтты.

"1978 жылдан бері ана мен бала өлімі екі еседен көп азайды. Дегенмен жер шарының жартысына медициналық-санитарлық алғашқы көмек қол жетімді емес. Жер бетінде 150 миллион адам қайыршылықта өмір сүріп жатыр", - дейді ол.

Сонымен қатар ол соңғы қырық жылдан бері әлем саяси, мәдени, әлеуметтік тұрғыда өзгегенін айтты.

"Не өзгерсе де, денсаулық тұрғысынан ештеңе өзгерген жоқ. Әр адам жақсы денсаулыққа лайықты. Денсаулық - еңбектенсең ғана қол жеткізуге болатын сый емес, қалыпты жағдай болуы керек. Себебі, денсаулық - отбасының, қоғамның негізі. Адам денсаулығы ешқашан саясаттың ойыншығына айналмауы керек, керісінше саясат денсаулық саласын дамытуға өз үлесін қосуы керек", - дейді Тедрос Адханом Гебрейесус.

Ол медицина саласының болашағына сеніммен қарауға болатын үш себепті атап өтті.

"Біріншіден, медицина саласында серіктес болатын мүмкіндік көп, яғни серіктестіктің жаңа эрасы туды. Екіншіден, денсаулық сақтау саласына жаңа мүмкіндік беретін жаңа техгологиялар дамып жатыр. Үшінші, денсаулыққа қатысты мақсаты бір адамдарды көп екеніне көзім жетіп келеді. Бұл конференцияға мақсаты, мүддесі бір адамдардың жиналғанын көріп отырмын. Біздің үміт - сіздер. Келесі күнді, келесі жылды күтпей, адам денсаулығын жақсартуды бүгіннен бастайық. Денсаулық саласына қатысты мүмкіндікті пайдалануды, болашақша жоспар құруды үйренуіміз керек. Тарихты өзгертетін сәт келді", - дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Астанаға 146 мемлекеттен медицина саласының басшылары мен мамандары келді. Жаһандық конференция МСАК бойынша Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған.

Дереккөз: baq.kz

 

0 Пікір Кіру