Өмірдің мәні – cалауатты өмір сүру - на health.bugin.kz
Искакова Рахия - на health.bugin.kz Искакова Рахия

Адамдардың көбі әлеуметтік-экономикалық күйзеліске түсуде

Біздің ешқайсымыз да өмір бойы қуанышта және тәтті қиялда өмір сүре алмаймыз. Қамшының сабындай қысқа, бірақ аса маңызды «өмір» деген сөзбен аталатын үлкен жолда салауатты өмір сүру салтын таңдаған әрбір адам «өмірдің мәні неде?» деген сауалға жауап іздеп, тапқанда ғана ненің маңызды және құнды екенін біледі.

Адам денсаулығының 49–53%-ы өзінің өмір сүру салтына байланысты болса да денсаулыққа дұрыс қарау – өздерінің міндеті екенін кейбір адамдар ойламайды. Олар бұндай жауапкершілікті дәрігерге немесе белгілі бір денсаулыққа қатысты мекемелер мен ұйымдарға жүктеуге дағдыланған. Алайда адамдар бір-бірімен өмір жайлы бөліскенде және денсаулығы жақсы болғанда ғана  бақытты, игілікті өмірді сүре алатынын сезеді.

Атақты ғалым әрі ойшыл Блез Паскаль: «Өз өмірінің мәнін білмейтін адамдар бақытсыз» – деген екен. Ал біз бақытты болу үшін өмір сүру салтымыздың салауатты болғанын өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. 

Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев өз жолдауларында халқымыздың денсаулығына зор мән беріп, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» керектігін атап көрсеткен-ді.Осыған орай, қоғамның және жеке тұлғаның денсаулығы дұрыс сақталуы іс-әрекеттердің эстетикалық, адамгершілік, өз еркін тәрбиелеуі, нәпсісін тыюы сияқты құндылықтарды жас ұрпақтың бойында қалыптастыру менің де мақсатым.

Кейінгі жылдары адамдардың салауатты өмір салтын ұстанып дұрыс жолға келуі бұл-қала тұрғындарыныңденсаулығына байланысты құндылықтарды, дағдыларды түсіне бастағандары деп ойлаймын. Сонымен қатарарнайы мамандардың, дәрігерлердің, психологтардың, педагогтардың, валеологтардың түрлі аурулар жайында айтқан ақпараттары және тәжірибелер мен келтірілген мысал-мағлұматтары көңілге қонымды болуында.

Сондай ақ, денсаулықтың үйлесімді дамып, сақталуы мен нығаюына бағытталған бағдарламаларды, мысалы, жеке бас гигиенасы; дене шынықтыру; жасы үлкен кісілер мен балалардың тиімді тамақтануы; оңтайлы қимыл тәртібі, зиянды дағдылар мен құмарлықтан, мәселен, темекі, қорқор (кальян) тарту, ішімдікке салыну, есірткі қабылдау, бейберекет жыныстық қатынас жасаудан бас тарту туралы түрлі мекемелердің басшыларымен бірлесіп, оқушылар, студенттер мен жастар арасында сан алуан тақырыптарда іс-шараларды ұйымдастырып өткізілуінің салдары болар деп ойлаймын. Біз бір жылда мыңнан аса сондай іс-шаралар өткіземіз. Бұл да әлі аз болып тұр...

Денсаулықты сақтау үшін дәрігермен бірлесіп қызмет ету көптеген адамдардың өмірінде жаңа тәжірибе. Бұндай амал дәрігерлердің және пациенттердің бәріне бірдей ұнай бермейді, бірақ адамдар өз денсаулығы жайында алаңдап, белсенді қатысқанда ғана салауатты өмір кешетіні сөзсіз.  

Бүгінгі өмірдің өзекті мәселелері: нашақорлық, есірткі, ішімдікке құмарлық, венерологиялық аурулар, адамның иммун тапшылығының вирусы (АИТВ), жұқтырған иммундық тапшылығының синдромы (ЖИТС) сияқты түрлі аурулармен (ісік, бүйрек, бауыр, асқазан-ішек) көптеген жастарымыздың жаны мен тәнінің былғанғаны қала тұрғындары арасында да өмірге қауіпті қарым-қатынастардың кеңінен тарап жатқаны мені де ойландырады.

Адамдардың көбі әлеуметтік-экономикалық күйзеліске түсуде. Қазіргі кезде түрлі апаттардан: өрттен, су тасқынынан, көшеде жол-көлік апаттарынан және автобустарда ұрлықтың көбеюінің зардабын шегуде.   

Сонымен қатар көп балалы аналарымыздың жай-күйі, тұрмыстық жетіспеушіліктері, ер адамдардың балаларын-әйелін тастап кетуі яғни ажырасудың, күрделі криминалдық жағдайлардың болуы, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы, білім алу деңгейінің нашарлауы, кино және теледидарларда зорлық-зомбылықты насихаттауы, әлеуметтік теңсіздіктер, жұмыссыздық сияқты көптеген өзгерістердің әсері, әрине, халықтың өміріне, әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық дағдарыстарға ұшырауына тіпті психологиялық өз күшіне сенбейтін жағдайға, «бүгінгі күнмен өмір сүр!» деген түсінікке душар етті.

Ал жастарымыздың жаман әдеттерге әуес болып, түрлі жұқпалы ауруларға шалдығуының тағы бір себебі – олардың нашақорлық, есірткі, ішімдік, темекі, қорқор, насыбайдың, энергетикалық сусындардың және ерте жыныстық қатынас жасауға әуестік, түсік жасату сынды ағзаға тигізетін зиянды заттардың әсерлері мен салдарының нәтижесі туралы білімдерінің аздығы және шынайы мәліметтердің жеткіліксіздігі.

Бүгін таңда барша жұртшылыққа жаман әдеттерге тәуелділік жайында шынайы ақпаратты молынан тарату аса қажет болып тұр.

Салауатты өмір сүру салтын өз міндетім деп санайтын әрбір адам қоғамның ауруына айналып бара жатқан нашақорлық, маскүнемдік, темекі, қорқор, насыбайға әуестік, тіпті, некесіз жыныстық қатынасқа қызығушылыққа тәуелділіктің соңы түрлі жұқпалы, созылмалы, белсіздік ауруларына шалдыққан қала тұрғындарының саны жылдан жылға көбейіп бара жатқанына алаңдауы қажет.

Бүгінгі таңданәрестелердің, мектеп оқушыларының, студенттердің, қарт кісілердің денсаулығын сақтау мен қалыптастырудың басты мақсаты ретінде олардың психологиялық және дене-қимыл әрекеттерінің мүмкіндіктерін көрсету арқылы денсаулықтың жақсаруын қамтамасыз етуді ойластыра алуымыз керек. Жас ерекшеліктерін ескеріп гигиеналық ұғымдарды, салауатты өмір салтының ережелерін, жеке бас тазалығын жете түсіндіріп, әсіресе, жасы үлкен адамдардың қуырылған, майлы, тәтті тағамдарды жемеуі, ал балалардың газдалған сусындарды ішпеулері, щипсилерді, шаурманы, кириешкилерді, қуырылған жүгері мен картопты жемеулері керектігін ескертіп отырғанымыз дұрыс.

Адамның әлеуметтік-психологиялық және биологиялық жақтан салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізін білуді, мәселен, белсенді қозғалыс, дене тәрбиесі немесе спортпен шұғылдану, физикалық еңбектің, жеке және әлеуметтік гигиеналық талаптарын жүзеге асыру, сыпайы қарым-қатынасты орнату және дұрыс жыныстық тәрбие алу, экологиялық мәдениетке жету, зиянды әдеттерден аулақ болу тәрізді ережелерді қала тұрғындарының ұмытпағанын жөн деп ойлаймын.

Десек те, жеке тұлғаның салауатты өмір сүру салтын шынайы достық қарым-қатынас пен игілікті іс шаралар арқылы адамдар арасында бір-бірін жігерлендіріп, қайырымдылықпен қаракет етіп, түсіністікпен қарағанортада ғана толық қалыптастыра алады деген сенімдемін.

0 Пікір Кіру