Кене шаққандағы алғашқы әрекеттер мен сақтану жолдары - на health.bugin.kz
Асхат Қасенғали - на health.bugin.kz Асхат Қасенғали

Кене шақса не істеу керек?

Көп жағдайда қала сыртына шыққан адамдар кенелерге және олар тарататын ауруларға жиі тап болып жатады. Бұл жерде елімізде кең тараған аурулар ретінде кенелік энцефалит және Қырым-Конго геморрагиялық безгегін (ҚКГБ) атап көрсетуге болады және осыған орай өзімізді және туысқандарымызды бұл жағдайдан қалай сақтандыру керек деген сұрақ туындайды.
Кенелер Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарында және де Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы маңындағы Қатон-Қарағай ауданында кеңінен кездеседі.
Кенелер 30% жағдайда 14 жасқа дейнгі балаларды шағады. Қазақстанда жыл сайын кене шағу жағдайы бойынша 8 мыңнан 11 мың адамға дейін келіп қаралады, ал эндемиялық аудандарда – 6 мыңнан 8 мың адамға дейін қаралады.

Кене қоздырғышының адам ағзасына түсу жолдары
1. Иксоттық кене адам денесіне түскеннен соң қанын сора бастағаннан бастап қоздырғыш жұға бастайды.
2. Кене қалаға автокөліктер, үй жануарлар мен иттер арқылы кіруі мүмкін. Жануар түктері арқылы үйге енген кене үйдегі қорғаусыз жатқан нәрестелер мен көздері нашар көретін қарттарға өтуі мүмкін.
3. Жануарлардың қалың түктері арасында өмір сүріп жүрген кенелер тек сирек жағдайда жануардың қанын сору үшін терісінің жұқа жеріне шығады. Мысалға жануарлардың құлағының арты, бауыры, шап аймақтарында. Сондықтан қой қырқу кезінде қойлардың терісінде кенелердің өмір сүру бейімділігі жоғары болғандықтан, шабандар мен шаруалардың кене энцефалитін жұқтыру қаупы жоғары.
4. Жануарлардың қайнатылмаған сүтін пайдалану кезінде жұқтыру қаупі жоғары.
5. Кенелерді қолмен езу кезінде дененің шырышты қабаттары арқылы немесе зақымданған тері арқылы қоздырғышты жұқтыруға болады.
Кене энцефалитімен ауырған адамдардың жартысына жуығы кенелердің өз қанын сорып жатқанын байқамайды, себебі кенелер сілекейлерінің құрамында ауру сезімін басатын және қан тамырын кеңейтетін заттар бар. Адам киіміне жабысқан кене оның терісіндегі жұқа жерлерді іздейді. Олар: мойын, қолтық және шап аймағы.
Конго – қырым геморрагиялық безгегі(орта Азиялық безгек) – қоздырғышы кенелермен берілетін табиғи – ошақты вирусты ауру.
Қоздырғыштың табиғи қоры – кеміргіштер, ірі қара немесе ұсақ мал, үй құстары мен жабайы құстар және де кенелердің өздері. Олар қоздырғышты жұмыртқалары арқылы өз ұрпақтарына бере алады. Қоздырғыштың көзі - ауру адам немесе қоздырғыш жұқтырған жануар.
Кене шаққан теріде айқын өзгерістер байқалмайды. Инкубациялық кезеңі бір тәуліктен он төрт тәулікке дейін созылады. Ауру жедел басталады, дене қызуының 39 градусқа дейін тез көтерілуімен байқалады, тіпті ауырған адам өз ауруының қай сағатта басталғанына дейін айтып бере алады.
Белгілері: айқын білінетін бас ауруы, әлсіздік, ұйқышылдық, бұлшық еттер мен буындардағы ауру сезімі және іштің бүріп ауруымен қатар құсулардың болуы. Бастапқыда терінің айқын қызаруы байқалады.Ал бастапқыда сирек кездесетін белгілер: бас айналып есінен тану, балтыр бұлшық еттеріндегі қатты ауру сезімі, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы. Аурудың 2 және 6 күндері геморрагиялық синдром байқалады. Ол дене қызуының қолтық асты, иық асты аймақтарында төмендеуі мен аяқ қолдарында гемморагиялық бөртпелердің пайда болуымен байқалады. Егу жасаған жерде қанталаулар, мұрыннан қан кету, ерін, қызыл жиек шырышты қабаттарының қанағыштығы байқалады.
Бұл кезеңде ауру көрінісінің жоғарылағандығынан есінен танулар болуы мүмкін. Асқазан – ішек жолдарынан қан кетуі аурудың болжауын қиындатады. Осы кезеңде 30 пайызға жуық адам өлімге ұшырайды.
2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Конго-Қырым геморрагиялық безгек ауруынан 6 адам көз жұмды. Олардың ішінде босанған әйелдер мен жаңа туған нәресте және қатынаста болған дәрігерлер бар.
Кенелік энцефалит – тасымалдаушылардың мезгілдік белсенділігіне байланысты көктем мен жаз айларында кездеседі.
Белгілері: жедел дене дірілі және қызудың 37-39 градусқа дейін көтерілуімен қатар бастың қатты ауруы, жалпы әлсіздік, бұлшық ет пен буындардағы ауру, жарықтан қорқу (өйткені жарық қатты бас ауруына жалпы жағдайының төмендеуіне алып келеді) сезімімен байқалады.Бұл кезде безгектік көріністер 4-5 тәулік ұсталып, кейін уақытша жоғалады. Екі аптадан соң қайта өрбиді. Олар мойын бұлшық еттерінің қатаюмен, құлақ естімеуімен, есінен танулармен байқалады. Жиі иық аумағы мен көз ішілік қанталаулар байқалады. Ауруларда енжарлық, ұйқышылдық, қажулар және тәбеттің төмендеуі байқалады. Кейбір адамдарда ауру жедел қозу немесе тырысу, есінен тану белгілерімен көрінеді.
Кене энцефалиті адамнан адамға жұқпайды, кене энцефалитімен ауырған адам қоршаған ортаға қауіпті емес. Кенелер адамдар мен жануарларға қан сору мақсатында ғана шабуылдайды, сондықтан оларды дер кезінде табу және теріден дұрыс тұмсығымен қоса алып тастау адам денсаулығы мен өмірі үшін маңызды болып табылады.

Адамдар кене шағуын болдырмау үшін өз-өзін қалай ұстау керек:
– киген киімі ашық түсті, ұзын жеңді, жағасы мен етегі денеге тиіп тұруы қажет. Шалбары міндетті түрде етік ішіне салынған, басына міндетті түрде бас киім немесе орамал тағып, ұзын шаштарын бас киім ішіне жасырғаны жөн;
– кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдалану;
– кенелер ашық ағаштар мен қалың шөптер арасында жасырынатындықтан, өзіңізді ол жерлерден аулақ ұстауға тырысыңыз;
– ормандық жерлерде, жол торабындағы ағаштар мен шөптерді жұлмаңыз, себебі кенелерді өз үстіңізге сілкіп аласыз;
– серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз (шаш арасын, қолтық және шап аймағын), шашыңызды тарақпен тараңыз;
– денені қарау кезінде киімдеріңізді қарап шығуды ұмытпаңыз. Кене адам терісіне отырған соң жарты сағаттай шағатын орын іздейді, сондықтан мұқият болсаңыз кене шағудың алдын алуға болады;
– шөп жинау кезінде кенелердің шөп арасында қыстайтынын есте сақтаңыз;
– ешкі және сиыр сүтін міндетті түрде қайнату керек, себебі сүт қоздырғышпен залалдануы мүмкін.
Сонымен қатар жасауға болмайтын 3 қағида жадыңызда болсын, олар:
1. Ешқашан терідегі кенені сықпаңыз, өйткені кене ішінде вирустар мен патогенді организмдер бар. Тіпті қолдың ашық жаралары немесе сәл тыртықтар арқылы жұқтыруға болады.
2. Кенені жұлмаңыз, өйткені жұлу кезінде кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына тарала береді.
3. Кенені тіспен жұлуға болмайды, қоздырғышты жұқтыру қаупі жоғары.
Серуен кезінде кене шақса не істеу керек?
Қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек.
Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса өздігінен шығуын бақылау (егер далалық жағдай болса) немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек (елді мекенге жақын тұрсаңыз). Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен өңдеу керек. Бұлай істейтін себебіміз кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін. Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып құртқаныңыз жөн. Теріден алынған кенелерді қоздырғыштың бар жоғын анықтау үшін зертханаларға жеткізу қажет. Кенені алып тастағаннан кейін (иммуноглобулин жіберу мүмкіндігі болмаған жағдайда) 3 апта бойына өз денсаулығыңызға ұқыппен қарауыңыз керек, егер ауру белгілері біліне қалған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік ) дәрігерге қаралуыңыз қажет.
Ғылымның соңғы жетістіктерінің бірі жоғары нәтижелі вирусқа қарсы ЙОДАНТИПИРИН құралы шығарылды (Қазақстан Республикасындағы тауарлық белгісі № 15234, 15 мамыр 2003 жыл). Бұл құрал үлкен адамдардағы кене энцефалитінің алдын алу немесе емдеу үшін қолданылады. Йодантипирин ауру жұқтырылған сәттен бастап (кене шаққанда) 12-24 сағат ішінде кене энцефалитінің вирусын жояды.
Жас балаларды кене шаққан сәтте кене энцефалитінің алдын алу үшін БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АНАФЕРОНДЫ қолдануға болады.
Бұданда нәтижелі қорғанышты вакцинация береді. Иммунизация жүйесін сақтаған жағдайда адамдардың ауруы сирек кездеседі немесе ауру жеңіл түрде өтеді.
Вакцинацияның қарсы көрсетілімдері болған жағдайда эпидемиологиялық қауіпті аймақтарға баруды доғарыңыз.
emer.gov.kz
0 Пікір Кіру