Әлемде қызылша ауруы өршіп тұр - на health.bugin.kz
patick - на health.bugin.kz patick

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағып жатыр

2019 жылдың басынан бері әлем бойынша 122 мыңнан астам қызылша жұқтыру жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 300 пайызға көп, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сарапшылары қызылшаның өршігенін хабарлап отыр. Қызылша – пневмония, энцефалит секілді асқынуға ұрындырып, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Олар шынайы ахуал ресми  статистикадан да көп болуы мүмкін дейді. Әдетте, орта есеппен, қызылша жұқтырған он жағдайдың біреуі ғана ресми тіркеледі.

Алдын-ала мәліметтерге сенсек, 2019 жылы бұл сырқат 170 елде байқалған. Биыл қызылша Африке елдерінде көп тіркелген, өсім 700 пайызды құрап отыр. Төмен көрсеткіш - Оңтүстік-Шығыс Азияда, бұл аймақтың көрсеткіші 40%. Жыл басынан бері қызылшамен ауырғандар саны 112 163 адамға жетті. Былтыр осындай кезеңде 28 мыңдай адам тіркелген болатын.

ДДҰ сарапшыларының айтуынша, қызылша әлемнің барлық аймақтарында таралған, ауру туралы деректер Грузиядан, Конго Демократиялық Республикасынан, Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Мадагаскардан, Мьянмадан, Суданнан, Таиландтан, Филиппиннен, Украина мен Эфиопиядан келіп түсуде. Соңғы айларда қызылша жұқтыру дерегі, тіпті, вакцинация деңгейі жоғары АҚШ, Израиль, Таиланд, Тунис секілді елдерден де анықталған.

Қызылша - өте жұқпалы вирустық ауру. Ол тікелей байланыс арқылы немесе ауа арқылы тарайды. Қызылша сәбидің өліміне әкелуі мүмкін. Оның алдын алу үшін қолжетімді вакцинаның екі дозасын пайдалану керек. Қазіргі жағдайдың өршуіне қызылшаның алдын алуға арналған вакцинацияның көп елдерде қысқаруы себеп болуы мүмкін.

0 Пікір Кіру