Етегін ешкім келіп күзетпейді - на health.bugin.kz
Рыскелді ЖАХМАН - на health.bugin.kz Рыскелді ЖАХМАН

Өзекті мәселе

"Қызға қырық үйден тыйым" деп жатамыз. Әкеден сес, қыздан ес кеткендігінің белгісі шығар, 2017 жылы елімізде үш мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болып қалған.

Дабыл қағатындай бар. Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттық радиосына берген ақпаратына сенсек, 2017 жылы Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 2947 қыздың жүктілігі тіркелген. Ол қыздардың 20-сы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер екен. Көркем әдебиеттен бір перзентке зар болғандар жайлы оқып өстік. Ал қазір көтерсе де күйіп-пісеміз. Әрине солай. Өйткені, не нәрсенің де өз уақытында болғаны дұрыс. Мектеп уақытында ана, партада отырып әке атанса, жетілу емес, "жұтылу" деп қабылдаған дұрыс шығар.

Министрліктің мәліметінше, 2017 жылы ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1305 түсік тіркесе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 1434 болған.Сондай-ақ, 2017 жылғы жасөспірімдер арасындағы жүктілік көбіне Оңтүстік Қазақстан облысы (545), Алматы облысы (381), Жамбыл облысы (263), Қарағанды облысы (212) мен Шығыс Қазақстан облысында (190) тіркелген.Абырой болғанда Қызылордада 15 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жүктілік фактісі тіркелмепті. Яғни, мұндай оқиға болмады деген сөз емес. Ұяты жүре пайда болған соң, жасыру бізде бар құбылыс. Есесіне 15-17 жас аралығында 127 қыздың аяғы ауырлап қалыпты. Ал 2016 жылы облыс бойынша (Қызылорда) мектеп жасындағы 26 қыз жүкті болған еді. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның 8-і қала мектептерінің оқушысы болса, 18-і аудан мен ауылдардағы кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер.

Жалпы, кейінгі жылдары 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында бала туғандар саны артып келеді.Ресми статистикаға сай,елімізде2010-2011 жылдары бала босану коэффиценті әр 1000 бойжеткенге шаққанда 30 баладан келсе, 2015-2016 жылдары бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Бұған қоса, жүкті болып қалған қыздардың 62 пайызы түсік жасатқан. 2016 жылы ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1434 түсік тіркеген. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,3 есе көбейген.

Әлемде жыл сайын жүктілік пен босану кезінде 70 мың жасөспірім қыз көз жұмады екен.Балиғатқа толмаған қыздардың ерте тұрмыс құруы мен балалы болуы мектепті тастап кету, жоғары білім алмау, жұмыссыздық, т.с.с. зиянды әрекеттерді көз алдымызға елестетеді. Өзі әлі бала. Бірақ, ана атанған соң өз баласын тәрбиелеуі, жетілдіруі, өсіруі керек. Материалдық және моральдық қиындықтар жас ананың өмірімен ерте қоштасуына, жасанды түсік жасатуына, сәбиін жетімдер үйіне өткізуге немесе қоқыс жәшігіне тастауына әкеліп соқтырады.  Арнайы мамандар осылай дейді.

Елімізде қоқыс жәшігіне, дәретханаға тасталған сәби оқиғалары кейінгі жылдары жиі болып, жиі жазылып жүр. Бірақ, оның салдарымен күресу, себебін білу жеткілікті дәрежеде айтылмайды. Мұндай факторларға қыз баласының ғана емес, бүкіл қоғамның да қатысы бар. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда әрбір 8-ші әйел тән қысымына немесе психологиялық зорлыққа ұшырайды. ТМД елдері арасында Қазақстан әйелдердің өзін-өзі өлтіру фактісі бойынша алдыңғы орындарда тұр. Мақтанарлық, сүйсінерлік статистика емес.

Қазір өзге үшін жауап береалмайсыз. Әуелі әркім қара басына, өз іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Мұнымен бала жаста бала тауып, ұятты ұмытқандарды ұялту мүмкін емес. "Бүйткенсің, сөйткенсің" деп бетіне басқаннан да пайда болсайшы. Балалықпен от басқандар мен ардан безгендер ата-анасын ғана емес, тұтастай ұлтты ұялтқанын біле ме екен? Басқа-басқа, олардың білуі керек бір нәрсе бар. Меніңше, қыздың етегін аңдитындар көп болса да, оны өзінен өзге ешкімнің күзетпейтінін білулері, ұғынуы керек.

0 Пікір Кіру