Оразаның денсаулыққа 5 пайдасы - на health.bugin.kz
Alisher - на health.bugin.kz Alisher

Ауыз бекітудің пайдасы туралы не білеміз?

Ораза – адам толыққанды өмір сүру салтын сақтауы үшін керек маңызды процесс. Заманауи медициналық зерттеулердің нәтижесінде, ораза – ішіп-жеуден тыйылатын жай діни парыз ғана емес, сондай-ақ, адам денсаулығының бөлек профилактикасы екені дәлелденіп отыр. Егер адам ұзақ уақыт бойы ұйқыдан не тамақтан тыйылса, денсаулығына зақым келіп, дертке шалдығатыны сияқты адам ораза ұстамаса ағзасына зиян келетіні мәлім болып отыр.  Ендеше назарларыңызға оразаның 5 түрлі пайдасын ұсынамыз. 

1. Жасушалар жаңарады

Ораза кезіндегі ағза тәртібі қажеттен артық және ескі жасушаларды жоюға қабілетті. Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толық ауыз бекітеді. Тәулігіне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып әл жинап алу қажет. Бұл – жасушалардың жаңаруына өте қолайлы процесс. Қарын ашқанда әлсіз жасушалар өздігінен жойылып, аштыққа қарсы тұру үшін адамның ішкі ағзасы белсенді жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде жаңа, сапалы жасушалар түзіледі. 

2. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді

Егер ораза ұстаған адам ауыз ашқан соң, тамақ мөлшеріне шектеу қойып, оптимал режиммен жүрсе, артық салмақтан арыла алады. Адам ұзақ уақыт қарны аш жүріп ауыз ашқан кезде бірден тамақ пен сусынға тойып алмағаны жөн. Себебі бұл керісінше салмақтың артуына әкеліп соғады. Алла елшісі (с.а.с) ауыз ашар кезде тек бірнеше құрмалардан дәм татып, аз ғана су ішіп ақшам намазына тұрған. Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы бір әдеті бәрімізге үлгі бола алады. Себебі құрманың құрамында қант бар, ал қант қанға тез тарайды сол себепті адам аузын құрмамен ашатын болса, бірден тоқшылықты сезінеді. Сонымен қатар құрма адам ағзасы қалыпты жұмыс істеу үшін қажет энергиямен қамтамасыз етеді.

Көп адам күні бойы тамақтан тыйылып, ауыз ашқаннан кейін бірден ауыр, майлы тамақтарды, көкеністерді жей бастайды. Бұл тағамдарды асқазан ұзақ қорытады. Ағза асқазанға түскен тамақтан өзіне керек энергиясын алып ол қантқа айналуынан адам тоқшылықты сезінеді. Бірақ кісі бәрібір өзін аш сезініп тамақтың үстіне тамақ жей береді, сөйтіп ағзаға қажет энергияның мөлшерінен асырып жібереді. Осылайша ораза ұстау өзінің қасиетінің бірін жоғалтып, адам артық салмақ қосып семіздікке ұшырайды.

3. Тері ауруларына пайдасы мол

Ауыз бекітудің тері ауруларымен күресуде пайдалы әсері көп. Себебі адам ораза тұтқан кезде қандағы су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл  – терінің қуатын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сондай-ақ қышыма аурының таралуын тоқтатып, терінің майлануы мен аллергиядан жазылуға да оң әсерін тигізеді.

4. Қан қоюлануың алдын алады

Ғалымдар ауыз бекітудің денедегі майдың құрамын азайтумен қатар холестерин мөлшерін де бәсеңдететінін жарыса айтады. Холестерин дегеніміз ол – қан тамырларына тұнатын зат. Денедегі майдың құрамы көбейген сайын холестерин мөлшері де ұлғаяды. Бұның арты артериосклероз (қан тамырларының майлануы) дертіне және жүрек пен мидағы қанның қоюлануына әкеп соғады.    

Иә, Алла Тағаланың «Білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы» деген аятын естігенде таң қалудың қажеті жоқ. Біздер тамақты тым көп жеп өзіміздің денсаулығымызға залал келтіріп жатамыз. Егер біз Алла шариғаты мен пайғамбар (с.а.с) жолын ұстанып тамақ көп жеуден тыйылып, айына кем дегенде үш күн ораза тұтып жүретін болсақ бұл дерттерге шалдығу ықтималы бәсеңдей түсетіні анық.

5. Ас қорыту жүйесі дем алады

Ауыз бекіту – ас қорыту жүйесінің дем алуына мүмкіндік береді. Дегенмен адам организімі өзінің табиғи функцияларын атқарады және тамақ қорытуға арналған сөл әдеттегіден аз мөлшерден бөлінгенімен сөл бөлу процессі қалыпты жағдайда өз қызметін атқара береді. Бұл адамның сөл бөлу жүйесін жақсартып, бір қалыпқа түсіреді. Бірақ бір ескерте кететін жәйт ораза ұстаған кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни, асқазанында жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болуы қажет.

0 Пікір Кіру