Суда жүзу спорты тұншығып тұр - на health.bugin.kz
Абай Тағыберген - на health.bugin.kz Абай Тағыберген

Жүзу – адамның денесін шынықтырып, бойды өсіріп, ойды сергек ететін спорт түрі

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін жаппай дене шынықтыру мен спортпен айналысатындар санын 30 пайызға, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерді 15 пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма берген еді бір кезде. Әрине, балаларды спортқа ерте кезден тарту келешекте спорт саңлақтарын шығаруға, ең бастысы дені сау ұрпақ қалыптастыруға жол ашады. Алайда, бұл межелі міндеттерге жетуде аяқтан тартатын дүниелер аз емес. Мәселен, елдегі жүзу спорты. Жасырып-жабатыны жоқ, Қазақстанда балалардың жүзу жағдайы мәз емес.

Мұ­ның себебі мектепте оқу­шылар жүзумен айналыса алмайды, бұған мектептердің жағдайы көтере бермейді. Әрине, енді ғана салынған су жаңа мектептерге бассейн салу көзделіп жатыр. Бұл бір-екі жылдың шаруасы емес. Сондықтан да болар, су спортына футбол секілді қызығушылық жоқ. Бірақ жүзудің жағдайын реттеуге қауқарымыз бар. Мұны әлем елдерінің практикасына сүйеніп жасасақ, аз уақытта жетістікке бір қадам жақындай аламыз.

Мектеп оқушылары суда жүзе алмайды деген пікірлер бүгінгі күні көпке тиіп кетеді. Әрине, ықылас танытып, жүзуді жастайынан бастағысы келетіндер ақылы қызмет орындарына барып жүр. Әйткенмен, мұндай ақылы орындарға көп отбасының қолы жетпейді. Демек, әрбір мектепке бассейн керек. Барды бар деп айту парыз. Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицей оқу­шылары өзге оқушыларға қарағанда бақытты. Себебі мектепте дене шынықтыру пәнінде балалар суда жүзуге мүмкіндігі бар. Бассейні бар мектеп туралы сәл кейінірек. Алдымен, әлем елдерінде бұл мәселеге қалай қа­райды? Мамандар не дейді деген сауалдарға жауап ізделік.

Жүзу – адамның денесін шынықтырып, бойды өсіріп, ойды сергек ететін спорт түрі. Себебі суда адамның барлық дене мүшесіне қан жүгіреді. Бұл өз кезегінде адамның жүрек қағысын жиілетіп, қан айналымын жақсартады. Мамандар суда жү­зуді дененің тығыздығы су­дың тығыздығына жақын болғандықтан су денені демеп, сүйек пен буындарға түсетін салмақтарды азайтады дейді. Мұны білген Ұлыбритания билігі балаларды ерте кезден су спортына бейімдеді.  Ұлыбритания астанасы Лондонда оқып келген журналист Қанат Әуесбай ағылшындарда суда жүзуге ерекше ден қояды. Мұ­ны "Батыс көр­ген. Ұлыбритания қазақтың көзі­мен" атты кітабында жазады.

– Суда жүзу Англияда мектеп бағдарламасына енгізілген екен. Әдетте бассейнге барар алдында сынып үшке бөлінеді. Жақсы жүзе алатындар жаттықтырушысымен бірге бөлек кетеді, су бе­тін­де қалқуды ғана білетіндер тізеден келетін жерден жаттығады. Мүлдем жүзу білмейтіндер де бөлек топ болып үйрене бастайды. Ағылшындықтарға қаршадайынан жүзу мәдениетін сіңірудің арқасында бұл спорт түрі бүгінде Ұлы­британияда танымалдығы жөнінен алдыңғы қатарда. Жүзу Ұлыбританияда ұлттық спорт деңгейіне көтерілген. Тіпті, ол ағылшындық тұрмыс салтының міндетті атрибутына айналып кеткен, – дейді Қанат Әуесбай.

Әдетте, озған елдердің озық тәжірибесін алып келеміз. Әсіресе, білім саласындағы реформалар да осы сырт елдің практикасында тиімділігін таныт­қан дүние. Бізде де мектеп сыныбында балаларды жүзу сабағын үйретуге болады. Дене шынықтыру пәнінде кіріктірілген сабақ білім туралы заңында көз­делген. Әйткенмен, мектептерде бассейннің жоқтығы аяқтан тартады. Әри­не, бұл елде суда жүзуге мүм­кіндік жоқ дегенді біл­дірмейді.

Суда жүзудің жайын бізден гөрі мамандардың айтқаны дұрыс. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Ахметов Қазақстанда су спор­тының толыққанды қа­лып­таспауының себебі ба­лаларды ерте жастан үй­ретпегеннен дегенді алға тартады.

– Жүзудің бізде дамымағанының үлкен себебі - оның көпшілік сипатының жоқтығында, әрі жүзу секцияларының бағасы кез келгеннің қалтасы кө­терердей емес. Оның үстіне ел бойынша бассейндер өте аз. Мектептер арасында, ары қарай республика дең­­гейінде балалардың жарыстарын жолға қою керек. Өйткені, бұл - көбіне мектеп жасындағы жасөспірімдердің спорты. Мен мұның табыс әкелетініне сенімдімін. Елімізде балаларға арналған жүзу жүйесі дамымай, Дмитрий Баландиннің табысы тек сирек кездесетін құбылыс ретінде қала бермек,-дейді спорт­шы.

Иә, суда жүзуден Дмитрий Баландин алтыннан алқа таққанын біз айтпай-ақ жақсы білесіздер. Дегенмен, елімізде Дмитрий секілді спортшының шы­ғуы­на ұзақ уақыт керек. Мұны мектептен бастамасақ, жүзудегі жетістікте­рі­міз ілуде біреу болып қал­мақ. Жетістік деп айтып қал­дық екен. Мұны да жал­ғастыра кетейік. Дүние жүзінде суда жүзуден алдына жан салмайтын АҚШ, Қытай, Германия, Аустралия, Ұлыбритания, Франция елдері бүгінде алтынды жаудырып жатыр. Біз бұл мемлекеттердің қатарынан қашан көрінетін­ді­гі­мізді дөп басып айту қиын. Алайда, тетігін тапсақ, мұны да еңсеруге болар.

Айдар Ахметовтың айтудай-ақ жөні бар, жүзуді мектеп табалдырығынан меңгерту қажет. Әйтсе де, біздің жағдайда көптеген мектептерте әлі күнге дейін бассейндер жоқ. Әлгінде бассейні бар бақытты балалар туралы айтқанбыз. Енді соған оралайық. Қызылорда қаласындағы №264 мек­теп-лицей оқушылары биылдан бастап оқу процесінде жүзуді меңгеріп жатыр. Аптасына бір мәрте су­да жүзетін оқушылар мектепте іске асқан бассей­н­нің арқасында ақылы орталықтарға баруды доғар­ған. Тақырыпты толық аша түсу үшін білім ордасына барып, мектеп директорына жолықтық.

Мектепте салынған бас­сейнді тұрақты түрде ұстап тұру үшін де қыруар қаржы керек. Мәселен, суды ауыстыру, судың тазалануына себілетін хлорлы дәрілердің уақытылы жасалуы әжептеуір қаржыны қажет етеді. Балалардың игілігіне қажетті бассейнді қалпында ұстап тұру үшін мектеп директоры Ұлболсын Маханова қаржылық қолдауды алыстан іздемеген. Өзінің бастамасымен жасалған жұмыстар бүгінде мектеп оқушыларының суда жүзуіне мүм­кіндік беріп отыр. Директор бассейндегі суды тазалап тұратын арнайы дәріні алуға айына 120 мың теңге­дей қаржы кеткенін ашып айтты. Оқушылардың білі­міне мән берген басшылық тек оқуда ғана емес, спортта да белестен көрінуіне жол ашып берді.

Мектеп ішіндегі бассейнді біз де көріп қайттық. Ұзындығы 25 метр, ені 12 метр, тереңдігі 1,5-2 метрге жететін бассейнге Бауыржан Батырханов есімді азамат жауапты екен. Сабақ екінші тоқсанда басталған. Бассейнге кірерде оқушылар арнайы талапты толық орындап, медициналық тексеруден өтеді. Балалардың аяқ-алысын білу үшін пәнді беретін мұғалімдермен де жолықтық. Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің бірлестік жетекшісі Сабыр Әбдіғаппаровтың айтуынша, балалар аптасына бір мәрте суда жүзеді. Ата-аналар да мұндай мүмкіндіктің барына разы екенін айтып, балалардың ерте кезден суда жүзе алатынына қуанған.

– Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға мін­детті стандартына сәйкес нұсқаудың жалпы ережелерінің ІІ тарауы "Денешынықтыру" пәнінің базалық мазмұнына енгізіліп, суда жүзу сабағы 5-10 сынып оқушыларына жүргізілуде. Бүгінде 1211 бала қамтылған, сондай-ақ үйірме сағаттары да ұйымдастырылуда. Бізбен бірге арнайы үйретуші оқушыларға жү­зудің техникасын үйретіп жатырмыз. Сабақ болғасын баға да қойылады. Қа­уіпсіздік ережелері то­лық ескертіліп, дайындау жұ­мыстары жүргізіледі. Жы­лу температурасы нормаға сәйкес. Қазір баста­уыш сынып оқушыларының ата-аналары балаларының суда жүзуіне қарсы еместі­гін білдіріп, дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне өтініш білдіруде, – деді Сабыр Әбдіғаппаров.

Қазір Қызылордада тек бір ғана мектепте, яғни №264 мектеп-лицейінде бассейн бар. Бар мәселе қаржыға тіреледі. "Алдағы уақытта мектептерге бассейн салу, оқушылардың суда жүзуіне жағдай жасала ма?" деген сауалмен Қы­­зылорда облыстық бі­лім басқармасына сұрау салдырдық. Нәтижесінде басқарманың ресми өкілі білім беру объектілері жанындағы бассейндер Қа­зақстан Республикасының халықтың санитария­лық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәй­­­кес келуі тиіс. Сон­дық­­тан егер де аталған талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана білім беру ұйымдарында жүзу бассейнін ұйымдастыруға рұқ­сат берілетінін айтады.

– Білім беру ұйымдарында балаларды жүзуге үйрету үшін ресми жағажайлары мен бассейндері жоқ елді мекендерге қаң­қа­лы-модульдік бассейндер сатып алу аталған іс-шара жоспарында 2018-2019 жылдарда ұйымдастыру көзделген. Сонымен қатар, балаларды базалық жүзу дағдыларына үйрету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жергілікті жерлерде спорттық, сауықтыру, мәдени бе­йіндегі мемлекеттік, ком­­муналдық, коммер­ция­лық емес, жекеменшік ұйымдарды тарта отырып, жүзеге асыру да жоспарлануда,-дейді басқарма ма­мандары.

P.S. Әрине, мәселе бар. Суда жүзу спорты барлық мектептерде жүргізілмейінше су спортынан аз уақытта жетістікке жете алмайтынымыз белгілі. Билік алдағы жылдарда балалардың суда жүзу спортына мән беруді қолға алмақ. Уақыт өте келе, бұл мәселе де шешімін табар деген сенім бар. Бұл бір мәселе. Елімізде әлі күн­ге дейін спортзалдары жоқ мектептер де бар. Демек, жа­қын күнде бұл мәселелерді шешпей дені сау салауатты ұрпақты толыққанды қалыптастыру мүмкін емес.

0 Пікір Кіру