Оразаға ниет еткендер көп пе, аз ба? - на health.bugin.kz
Абай Тағыберген - на health.bugin.kz Абай Тағыберген

Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

Мейірім молайып, ізгілік артатын Рамазан айының бас-талғанына да аптадан асты. Сауап жинап, ізгілік іздеген барша мұсылман қауым ораза ұстап, ниет етуде. Періштелердің жерге түсіп, азғырушы шайтандардың кісенделетін қасиетті Рамазан айы мамыражай мамырға сәйкес келді. 30 күн ораза ұстап, құлшылық етіп, Алла жолына жақындауға асық жұрт мешітке ағылып, тарауих намазына табан тіреп, ауыз ашарға асығып, жақсылықтан құр қалмауға ниеттенуде. Әрине, ораза мұсылманға парыз, дегенмен уақытты сылтау, жұмысты желеу етіп, ораза ұстай алмаған тұрғындар да, алыс сапарға шығып, денсаулығы сыр берген азаматтар да оразаға іштей ниет еткендері де аз емес. Десе де, жыл артына жыл қосып, өткенмен өлшейтін болсақ, ораза ұстауды парыз еткендердің қатары қалың екені білінеді. Сөзімізді растау үшін Қызылорда қаласындағы Ақмешіт-Сырдария мешітінің ресми өкілдеріне сауал жолдап, биылғы Рамазандағы берекелі бастамалар мен ерекшеліктерді сұрадық.


Алланы еске алумен жүректер емделеді, жүздер нұрланады, иман күшейеді деген. 30 күнге 30 амалды орындап, сәресіне тұрып, ауыз бекіткен ағайынға арнап мешіт қызметкерлері де Рамазанды ерекше өткізуге әрекет қылды. Рамазанның қасиеті мен оразаның сауабы хақында ақпараттық парақшалар таратылып, шағын жинақтағы кітаптар Алла үйіне асық тұрғындарға тегін үлестірілді. Алғашқы тарауих намазына келген жұртқа қасиетті Құран кәрімнен аяттар оқылып, әр мешітте уағыз айтылды. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы биылдан бастап елдегі барлық мешіттер жұма уақытында бір тақырып аясында уағызы айтуға көшті. Мұндай тәртіп Алла үйіне келген жамағаттың белгілі бір тақырып шеңберінде жүйелі әрі біркелі білім алуына үндейді. Енді бұрынғыдай емес, әр мешіт өз тақырыбында емес, діни басқарма бекіткен қағидамен жүреді. Оразаның ал­ғаш­қы жұмасы «Ислам – береке-бірлік негізі» тақырыбын өзек етті. Алғашқы жұмада ағайын Алла адамзатты бір атадан, бір анадан жаратқанын, Алла құзырында адамдардың абзалы – тақуалары хақында, Алла бұзғыншыларды жек көретіні, бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең деген уағыздың түпкі мәніне құлақ түрді. Ал, алдағы жұмаға Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы «Отан­ды сүю – иманнан» тақырыбында уағыз жүретінін хабарлады.

Сауапты айда сауап жинауға асық азаматтар мешітке қаржылай көмек беріп, қалталы кәсіпкерлер жер-жерде жағдайы мүшкіл, аз қамтамасыз етілген отбасыларға ауыз ашар ұйымдастырып, қайырымдылық іс жасауда. Бұдан қалды әрбір өңірде түрлі деңгейде қайырымдылық шаралары жүріп, жақсы амалдар орындалуда. Бірі тегін нан таратып, ендігі бірі ардагерлерге қолғабыс етіп, жақсылық істеуден жарысып жатыр. Мұнымен қоса, «Рамазан керуені» сынды ауқымды жобалар да ретімен өтуде.

Рамазан айының алғашқы он­күн­дігінде бастамалардың реті осылай өрбіп жатыр. Әлгінде айтқанымыздай, оразаға ниет етушілердің қатары көбеймесе, азаймайды. Бұл мешіт имамдарының сөзі. Жалпы Қызылорда қаласында барлығы 17 мешіт бар. Ақмешіт-Сырдария мешітінің наиб-имамы Рүстем Ешмаханның айтуынша, 3500 адам тарауих намазын оқуға келсе, жұма намазына 3500-4000-ға жуық жамағат мешітке жиылады екен.

– Орталық мешітке тарауих намазын оқуға 500-ге жуық адам ниет етіп келеді. Ал, ауыз ашар уақытында қала бойынша 1500-2000 жамағат жиналады, әрбір мешітке 100-150 адам Алла үйінде ауыз ашуға ниеттенеді, –дейді наиб-имам.

Наиб-имам саралай келе, 18-40 жас аралығында азаматтар ораза ұстауға көбірек ниетті екенін және жылдан-жылға мешітке келіп, уағыз тыңдаушылардың қатары артқанын тілге тиек етті. «Көбінесе, жастардың Алла үйіне асығуы қуантады» дейді наиб-имам.

Ал, орталық мешіттің  баспасөз хатшысы Перизат Шарапатова жыл сайын «Менің алғашқы оразам» атты шығарма бәйгесі биыл әлеуметтік желіде яғни фейсбук, инстаграмм аккаунттарын қолданатын қолданушылар арасында өтетінін хабарлады. Кез келген тұрғын желі арқылы «Рамазан менің көзіммен» тақыбында пост жазып, бәйгеге қатыса алады.

– Рамазан айында барша халыққа инстаграм желісі арқылы «Рамазан – мейірім айы» тақырыбында үздік видео-байқау ұйымдастырудамыз. Сонымен бірге мешіт шәкірттері арасында «Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу» жарысы, «Сыр жастары жарысады» Умра байқауының қорытынды кезеңі өтеді, – дейді Перизат Жанділдақызы.

Жалпы 30 күн ораза хақында түрлі пікірлер де, салихалы әңгімелер мен жүректі қозғайтын ғибратты хикметтер аз айтылмайды. Әлеуметтік желіде де көптің белсенділігі байқалады. Сәресіне тұрып, ауыз ашарға асыққан әлеуметтің игі ниеті бір. Аллаға деген құлшылықты барынша көбейту, жақсылық жасауға әрекеттену. Ал, ең игі істің басында ниет ету тұр. Себебі ниет – мұсылман өмірінде басты мәселе. Мұны Бұхари сүресінде «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында әрбір адамға ниет еткені тиесілі» деген. Ендеше, ізгі амалдарыңыз бен ниеттеріңіз қабыл болсын! Ұстаған оразаларыңызды Алла қабыл етсін!



0 Пікір Кіру