Аффирмациямен ауырыңыз! - на health.bugin.kz
Alfiya Adambek - на health.bugin.kz Alfiya Adambek

Өзіңе сенбе, өзгеге сенбе бүгінгі. Алғаш рет жүрегіңде бүршік атып, тамыр жайған қасиетті де парасатты ізгілікке сен. Ізгілік пен ақиқаттың толық үстемдік етуі мүмкін емес дейтіндерге сене көрме. Тәңірі тектес сезім шырағы алғаш рет жарқ етіп тұтанған киелі шақтағы ең бастағы, адал шақтағы мына өзіңе сен. Сол шырақты өшіре көрме, бар қуатыңды пана қылып жандыра түс, лаулай түссін! (Л. Толстой)

Жан дүниені тегіс түсініп, зерделейтін ғылым-психологияда аффирмация деген ұғым бар. Аффирмация-арманға жету жолдарының бірі. Яғни, арманыңызды миыңызда сақтау. Болашақтағы өміріңізді елестетіп, жинақы әрі нақты етіп жазып алып, оны үнемі қайталау арқылы өз дегеніңізге жету. Мысалы, «Мен грант иегері атанамын!», «Мен журналист боламын!» «Мен ҚАзҰУ-да білім аламын!» және т.б. Одан бөлек, «Мен бақыттымын!», «Менің күнім сәтті өтеді!» деген сөздер де сіздің көңіл-күйіңіздің құбылысын жақсартады. Қысқасы жоқты барға балап, болашағыңды бағдарлайсыз. Бұл анықтамаларды неге қозғап отырмын. Қазіргі психологтардың, нумерологтардың, кәсіпкерлердің беретін ақыл-кеңесі осы. Сонда аффирмацияның түп-төркіні- сөзге сену, сөздің киесі барын ғылымның өзі көрсетіп тұр.

Біздің күнделікті өмірімізде жүз пәленің тоқсан тоғызы тілден. Аңдамай, абайсызда айтқан сөздерімізді кейін еске түсіріп «Біссімілләлаймыз». Асыра айтқан, тасына айтқан сөздеріміз ойға орала кетсе «Құдай сақтасын!» дейміз де жүре береміз. Құдай сақтансаң, сақтайды. 

Сұлтанмахмұт Торайғыров:

 «История, география пәнді білмей,

Оллаһи, тірі болып жүрмеспін, мен.

Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,

Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа!»-дейді, деді де, айтқан сөзін жүзеге асырып кетті. Ақын 27 жасында аурудан көз жұмды ма, жұмды. Атыраулық «қыр баласы» Табылды Досымов «Ұйықтап кетсем бір күні, Оянбай қалам» - деп еді, ұйқы үстінде аттанып кетті.

Өз сөзіңіз бен ойыңызға абай болуы арқылы жамандықтар мен тосын тосқауылдардан аман боларыңыз анық. Өз-өзіңе, өз сөзіңе сеніп, оған беріле құмарың ауса, бүкіл ой-санаңды бір нүктеге, бір мүддеге тоғыстыра алсаң, және болашағыңа сенсең- аффирмация дегеннің өзі осы болар.

Белгілі журналист Әзілхан Нұршайықов « Ал мен оқуға түсетініме еш күмәнім жоқ еді. Мен бір қызық айтайын сіздерге: өзім соғыста ешқашанда өлемін деп ойлаған емеспін. Соғыстан кейін алдыма «қайтсем де журналист болуым керек» деген мақсат қойып едім, ол да орындалды. Тегі адам не нәрсеге сеніп, беріле істесе оның сол ойы орындалып шығар деп ойлаймын» - дейді.

Аффирмация ішкі қуатты көрсеттетін ұғым. Эйнштейн жас кезінен ішкі қуантына нық сенімді адам болған. Ол 23 жасында, 1902 жылы досына «Менің басыма бірнеше ғажап идеялар келді. Бірақ оны әлі де жеріне жеткізіп, пысықтай түсуім керек» деп хат жазып, өз жаңалығының таңғажайып болатындығына сенді. Ол сенімі арада небәрі 3 жыл өткенде жүзеге асты. 1905 жылы Салыстырмалылық теориясын ғылымға алып келді.

Ал енді ақ параққа аффирмация жазуға асығыңыз! Көрінетін жерге іліп қойыңыз! Жазғаныңыз көзге – жақын, көңілге - алыс болмасын! Болымсыздан қол жетпейтін биік, көш өтпейтін шыңырау жасап алуды доғарыңыз! Психологтардың берген кеңесі:

1.    Аффирмация ұзақ сөйлеммен жазылмау керек. Қысқа әрі нұсқа болса, сіз жалықпайсыз!

2.    Аффирмацияны шын көңіліңізбен жазыңыз. Және әр қайталағанда ерекше көңіл күйде болыңыз!

3.    Аффирмация бірінші жақта жазылсын не айтылсын. Мысалы, «Мен мықтымын!», «Менің табысым көп! Және т.б.

4.    Аффирмацияны дауыстап айтыңыз!

5.    Аффирмацияны айтып тұрып, іштей «бұлай бола қоймайды-ау!» деп тұрсаңыз, ешқандай нәтиже күтпеңіз!

0 Пікір Кіру