Арыстағы жарылыс: Зардап шеккен бір бала ауыр халде жатыр - на health.bugin.kz
Bugin.kz - на health.bugin.kz Bugin.kz

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен екі бала 28 маусым күні Шымкенттен астанаға жеткізілген болатын

Арыстағы жарылыстан зардап шеккен бір баланың жағдайы ауыр. Бұл туралы №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Біржан Доссмайылов айтты.

Оның айтуынша, жарылыстан зардап шеккен балаларға тиісті медициналық көмек көрсетілген. Екеуі де бас сүйек-ми жарақатын алған.

"28 маусым күні санитарлық авиациямен Шымкент қаласынан екі бала Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Олар қаладағы №2 ауруханада ем қабылдап жатыр. Ауруханаға түскен бетте тиісті медициналық көмек көрсетіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Бір баланың жағдайы дұрысталғаннан кейін нейрохирургиялық бөлімге ауыстырылды", - деді ол журналистерге.

Біржан Доссмайылов екінші баланың өміріне әлі де қауіп төніп тұрғанын айтты.

"2005 жылы туған баланың жағдайы жақсы. Ал 2011 жылы туған бала жансақтау бөлімінде жатыр. Тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Бірақ әлі есін жиған жоқ, жағдайы ауыр", - деді бас дәрігер.

Сондай-ақ ол балалардың жарылыс кезінде жарақатты қалай алғанын айта алмайтынын жеткізді.

"Олар бас сүйек-ми жарақатын алған. Жарақатты қалай алғанын айта алмаймын", - деді Біржан Доссмайылов.

Арыстағы төтенше жағдай

24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.

Жергілікті тұрғындардың үрейі үшіп, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.

Қорғаныс министрі төтенше жағдайдың алдын ала себептерін атады. Оның айтуынша, жарылыстарға электр желісінің тұйықталуы, оқ-дәрідегі химиялық реакция, диверсия, бөтен бір заттың тиіп кетуі, шөптің жануы себеп болуы мүмкін.

Саперлер қаланы тазартып, 28 маусымда тұрғындар үйлеріне орала бастады.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден берілетінін мәлімдеді.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру