Денсаулық сақтау министрлігі әдейі істеп отыр ма? - на health.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на health.bugin.kz Марғұлан Ақан

Ұлт алдында жауап беруі керек

Қазақстандық БАҚ беттерінің соңғы бір апта ішінде жариялаған мақалаларына қарап отырып, тақырыпты бұрмалап берген болар деп түйесіз. Алайда, сайтқа өтіп бағамдай қарасаңыз, білдей министрлік ұсынған ұсыныстан көз сүрінеді.

Ең алдымен Қазақстан республикасының Денсаулық сақтау министрлігі кәмлеттік жасқа толмаған қыздардың түсік жасауына ата-анасының және белгілі бір заңдылыққа қарамай рұқсат беруін сұрады. Яғни, бұл баланың далада қалмауына, елде осы мәселе төңірегіндегі әлеуметтік жағдайдың орын алмауына себепші бола алады-мыс.

Қыз – ұлттың айнасы. Осы сөздің мәніне бара алмаған Денсаулық сақтау министрлігінде аталы сөздің қадірін түсінетін ешкім жоқ па? Рухани жаңғыру бұл емес. Шетелдік тәжірибені қабылдау деген де бұл емес. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсіліп, ұлттық салт-санасына бағынуы керек. Бұл қайдан шыққан ұсыныс?

Айтып ауыз жиғанша, екінші ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова былай дейді: "Қазір жастар мүшеқап қолданбайды. Өйткені оның арты неге апаруы мүмкін екенін ойлай бермейді. Сол үшін мұны қыз-жігіттерге түсіндіріп, кейін контрацептивтерді тегін таратуды жаңа кодекске енгізуді жоспарлап отырмыз".

Сөз соңында бұл тек ұсыныс, себебі біраз шығынды талап етеді дейді. Қандай шығынды айтып отырсыз? Түкке тұрғысыз, тіпті ұлттың идеологиясына қарсы бағытта жол алып жатқан бұл ұсынысқа мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінудің өзі ұят.

Жеті атасынан тартып өсіп-өркендеп келе жатқан қазақ ұлтының ұйыған айрандай берекесін қашырып, батыстық идеологияға ұрынған қоғамның сұрағына қатардағы азамат емес, білдей министрлік ақылға қонымсыз жауап беріп отырса, төмендегілерінен не күтуге болады. Билік – халықтың өзі таңдауы арқылы жүзеге аса отырып, тәртібі мен заңына бағынатын, бейбіт өмір сүруге ұмтылу жолында жасақтаған ордасы. Ал, дәл осындай бассыздыққа бару және оның ұсыныс ретінде қарастыру дегеніңіз, халық қана емес, бүкіл бір ұлттың дүниетанымы мен баба дәстүрін жоққа шығару, аяққа таптау.

Денсаулық сақтау министрлігі аталған қос бірдей ұсынысты қайтып алады деген үміттеміз.

0 Пікір Кіру